Табиғатты түлетіп, түрлендіріп алты ай бойы ұйқыда жатқан Жер Ананы бусантып жеткен ұлыстың ұлы күні аудан орталығы думанға толып, барша жұрт шат-шадыман күй кешті. Әз-Наурыз мерекесіне орай өткен Абылайхан алаңындағы мерекелік шара мойынқұмдықтар мен қонақтарға тамаша әсер қалдырды. Ұлттық киім киген ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер мен балалар нұрлы Наурыздың айшықтары көрініс тапқан алаңға қарай ағылды.Қай тұсқа бас бұрып қарасаңыз жылы жүзбен, ыстық ықыласпен құшақ жая, қол алыса амандасып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Құтты, берекелі жыл болғай!» деп ақ тілектің тиегін ағытқан досжарандар мен туған-туыстарды көруге болады.
Көңілді көктем мерекесінде ұлттық дәмге толы кең дастархан жайылып, қазан көтерілді. Аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелер жыл басын тойлауға келген жұртшылыққа жеті түрлі дәмнен дайындалған Наурыз көже мен палау ұсынды. Мерекеге арнап үш қазақ үй тігіліп, олар «Бірлік», «Ырыс», «Ынтымақ» деп аталды. Орталық алаңның сахнасы Наурыз мерекесіне сай ұлттық нақышта безендірілген. Сахна төріндегі ЛЭД экраннан мәденикөпшілік іс-шараның тақырыбы және түрлі мерекелік видеороликтер көрсетіліп тұрды. Алдымен театрландырылған көрініс қойылып, көпшілікті тәнті еткен концерттік бағдарламаны мойынқұмдықтар ынта қойып тамашалады. Қойылым барысында көрермендер қазақтың ұлан-ғайыр даласының мамыражай, жаймашуақ тіршілігіне көз жүгірте отырып, бүгінгі еліміздің берекелі өмірінен де хабардар болды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары құшақтасып, көрісу, жаңа тілек тілеу, саумалық айту, шашу шашу, Қыдыр атаның бата беруі көріністерін шынайы орындап, мерекеге жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ұлы Наурыз мерекесімен жергілікті тұрғындарды құттықтау үшін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Әлихан Балқыбеков Әз Наурыз меркесімен құттықтап ізгі тілегін білдірді.Наурыз мерекесін тойлау барысында аудандық бұқаралық спорттық ісшараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.
Қылышбай ауылында Наурыз мерекесіне орай 4 киіз үй құрылды. Орталық алаңда мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Мерекелік шаралар таңертеңгі сағат 12-де басталды.Негізгі концерттік бағдарламадан бөлек театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Әр үйдің алдында ұлттық ойындар ойналып, спорттық жарыстарда жүлдегерлер анықталды. Ауыл тұрғындары және мекемелер өнер көрсетті. Мерекелік шарада ауыл әкімі Бәкір Исабеков құттықтау тілегін айтты.Наурыз – бабаларымыздан мұра боп қалған мейрам, бұл күні табиғаттың өзі жанданып, тіршілік түлейді, адамдардың жүректері мейірім мен жылылыққа толады. Шара барысында ең әдемі киіз үй анықталды. Бірінші орын жүлдегеріне 20000 теңге, екінші орынға 15000, үшінші орынға 10000 теңге табысталды. «Спортшылар», «Үздік әншілер» аталымдары бойынша да байқау жүлдегерлері бағалы сыйлықтарға ие болды.Халыққа бауырсақ, палау мен наурыз көже ұсынылды.
БІРЛІК АУЫЛЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ АУҚЫМДЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТІЛДІ . Жаңа жылдың басталуын атап өту үшін ауыл тұрғындары таңертеннен бастап жиналды. Онда аталмыш ауылдаға мекемелер киіз ү тігіп Наурыз көже мен басқа да тағамдарды ауыл тұрғындары мен қонақтарына ұсынды.Сонымен қатар «Наурыз мейрамын» мерекелеу аясында концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар, ұлттық ойындар ұсынылды. Ауылдық округке аудан әкімі Ә.Балқыбеков, аудан әкімінің орынбасары Е. Әмірханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Ж. Жазықбаевтар қонақтар қатарында болды.