Ұлы дала үніндей

49
Таразда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай халықаралық ақындар айтысы өтті.
⚡ Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен “Баласағұн” ОКЗ-да “Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым!” халықаралық ақындар айтысы өтті. Аламан айтысты жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды.
Дәстүрлі түрде сегізінші мәрте ұйымдастырылған айтыс биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтті. Айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғыз Республикасынан келген 12 ақын қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, Қырғыз Республикасынан Мамбет Тоқто Мамбет Орозоуулу мен Нұрсұлтан Малдыбаев, Қызылорда облысынан Мұхтар Ниязов пен Ержан Әмір, Павлодар облысынан Аспанбек Шұғатай, Түркістан облысынан Аян Ниязбек, Алматы облысынан Сұлужан Тауыбалды, Ақтөбе облысынан Аруна Керімбек, Жамбыл облысынан Нұрлыбек Құрманов, Мұхтар Қонарбаев, Жанерке Қамбар және Інжу Жаңабай қатысып, суырыпсалма өнердің жоғары деңгейін көрсетті.
Айтыста ақындардың тапқырлығы, тіл байлығы, ой ұшқырлығы мен сахналық мәдениеті сарапқа салынды. Финалдық кезеңге үздік өнер көрсеткен Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатай, Нұрсұлтан Малдыбаев және Жанерке Қамбар іріктеліп, шешуші сайыста өзара тартысты дода көрсетті.
🏆 Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жамбылдық ақын Жанерке Қамбар иеленді. Жеңімпазға арнайы диплом мен “Жамбыл Жабаев” төсбелгісін, 2 миллион теңге қаржылай сыйлықты Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев табыс етті.
Жүлделі І орынды қызылордалық Мұхтар Ниязов, ІІ орынды павлодарлық Аспанбек Шұғатай, ІІІ орынды Қырғызстан Республикасынан келген Нұрсұлтан Малдыбаев иеленді. Ал Ақтөбе облысынан келген Аруна Керімбек ақын, журналист, аудармашы “Күләш Ахметова” атындағы арнайы жүлдеге және қоғам қайраткері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Зұлқарнайұлы атынан арнаулы сыйлыққа ие болды. Барлық қатысушыларға алғыс хат пен “Жамбыл Жабаев” атындағы төсбелгі табыс етілді.
📌 Тараз төрінде өткен дүбірлі доданың қазылар алқасына ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері – Жүрсін Ерман төрағалық етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.