Дархан даласындай пейілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Тіпті елімізде соңғы кездері қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді.
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен таяуда Бауыржан Момышұлы саябағында өткен іс-шарада қазақ тілін жетік білетін, ұлттық болмысымызды бағалайтын өзге ұлт өкілдері таныстырылып, марапатталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына арналған бұл шара «Ұлтым басқа болса да, тілім қазақ!» деп аталды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мен маңыздылығын кеңінен насихаттау және еліміздегі татулық пен азаматтық келісімді нығайту мақсатына негізделген басқосудың мәні зор. Оған аудандағы этномәдени орталықтар өкілдері, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт азаматтары, тіл жанашырлары қатысты.
Шараны аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов ашып, наурыз айында елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін өзге ұлт өкілдері арасында олардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау, мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтарды, жастарды табу мақсатында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты онлайн-челлендж өткізілгенін, осы салтанатты шара барысында аталған онлайн-челленджге қатысқан азаматтар марапатталатынын айтып өтті.
Сөз аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевқа беріліп, ол шараның сәтті, қызықты өтуіне тілектестігін білдіре келе былай деді:
– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, олардың күш-жігерін бір мақсат-мүддеге бағыттайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы деген ұйым дүниеге келді. Биыл осы бірегей ұйымның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Әлемдегі басқа елдерде мұндай институт жоқ. Осынау салиқалы саясаттың арқасында бүгінде еліміздегі қазақ, орыс, өзбек, қырғыз ұлттары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», тату-тәтті тіршілік етуде.
ЮНЕСКО-ның мәліметіне сүйенсек, бүгінде әлемде алты мыңнан астам тіл болса, әр екі апта сайын соның біреуі жоғалып, жойылып отырады екен. Кеңес үкіметі кезеңінде біздің ана тіліміз – қазақ тілі де жойылып кетудің алдында қалған еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тіл мәселесі түбегейлі өзгерді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, күн санап қарқынды дамып келе жатқанының куәсі болып отырмыз.
Аудан халқының 90 пайызы жергілікті ұлт өкілі, қалғаны өзге ұлттар. Міне, осында жиналған сіздердің ынта-ықыластарыңыздан, бейілдеріңізден мемлекеттік тілге деген осындай сый-құрметті көруге болады.
Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Эсмира Мамедова, өзбек ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Зувайда Мәжитова сөз алып, өздері басшылық етіп отырған ұйымдардың көпұлтты аудан халқының ынтымағы мен бірлігін нығайту бағытында атқарып отырған жұмыстарына тоқталды.
Одан кейін қазақ тілін үздік меңгерген өзге ұлт өкілдеріне кезек беріліп, олар Абай Құнанбайұлының бір өлеңін нақышына келтіріп, жатқа оқып берді. Билікөл өңірінен келген дәрігерлік амбулаторияның акушері, қырғыз ұлтының өкілі Мұнархан Иманқұлова, Ақтөбе ауылдық округіндегі «Бәйтерек» балабақшасының аспазы, орыс ұлтының өкілі Евгения Самойличенко сөз сөйлеп, қазақ тіліне деген тілегін, ықыласын жеткізді.
Шара соңында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, көркем әдебиетті насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін анықтау мақсатында өткізілген «Тілі бірдің – тілегі бір» онлайн-челленджге қатысып, мемлекеттік тілге сый-құрметін көрсеткен өзге ұлт өкілдері Алғысхатпен, Дипломмен, ұлттық-мәдени орталықтар басшылары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Абылайхан СӘРСЕН, Жуалы ауданы