ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

417
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Ұлттық тәрбие адам баласында өз ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасады. Бүгінгі ұрпақты халқымыздың тiлi, тарихы, ұлттық дәстүрі, ұлттық өнері және ата салтына тәрбиелеуге ат салысу жалпы ұлтымыздың мiндетi.
Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазірде солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан.
Бүгін ұлттық тәрбиені қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Жаңатас қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінде «Ұлттық тәрбие — ұлт құндылығы» тақырыбында аудандық форум өтті.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары М. Бегеев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Б.Бетаева, қала және ауылдық округтердегі мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп жанынан құрылған «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі»және «Аналар мектебінің» мүшелері мен оқушылар қатысты.
Мектеп фойесінде қазақы киімдегі қыз-жігіттер келген қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алды. Қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, таныстырылды.
Д. Қонаев орта мектебінің директоры Гүлмира Өмірбекова келген қонақтарға алдымен «Әжелер мектебі» мүшелерінің ұйымдастырған көрмесімен таныстырды. Мұнда тұсаукесер рәсімі көрініс тауып, әжелер қауымы ұршық иіру мен диірмен тартудың әдістерін көрсетті.
«Ата өнері — ұрпаққа мұра» бөлімінде «Аталар мектебінің» мүшелері оқушылардың​ сұрақтарына жауап берсе, «Аналар мектебінің» мүшелері «Ұлттық қолөнер — тәрбие көзі» бөлімінде сәндік қолданбалы бұйымдарын ұсынды. Сондай-ақ, «Әке көрген оқ жонар» бөлімінде «Әкелер мектебінің» мүшелері ер тоқым жасау, қамшы өру, тері илеу сияқты бұйымдардың жасалу жолдарын көрсетті.
Шара барысында ұлттық спорт түрлері, күрес, арқан тарту асық ату сияқты ойындар көрсетілсе, мектептің акт залында оқушылар М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан​ көрініс қойды.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Бота Бетаева мен мектеп директоры Гүлмира Өмірбекова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Д. Қонаев орта мектебі ұжымының ұйытқы болуымен өткен, ұлттық салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар жаңғырған аудандық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.