Ұлттық сана дегеніміз не?

2 969

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты  бағдарламалық мақаласында «Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер едім», – деп айтқан еді. Негізінен қоғамдық сана туралы сөз қозғалған Президент мақаласы қазіргі таңда бүкілхалықтық «Рухани жаңғыру» бағдарламасына айналып үлгерді.

Бүгінде аталған мақаладағы Елбасының бағдарламалық бастамалары  бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар атқарылуда. Жұртшылық та Ұлт Көшбасшысының тереңнен тарқатып, қоғам санасына сілкініс жасаған мақаласын жылы қабылдады. Ал, мәселенің түпкі мәнін жете түсіну үшін Елбасы еңбегі төңірегінде айтылған әлеуметтанушылардың, психологтардың, саясаттанушылардың және өзге де мамандардың пікіріне зер салып көрейікші.

Жалпы, ұлттық сана-сезім деген не дегенге келетін болсақ, ол – ұлттық-этникалық қауымдастықтардың өз тарихы, заманауи жай-күйі және өз дамуының болашақ перспективалары, сондай-ақ, басқа ұқсас қауымдастықтар арасындағы кез келген адамның орны туралы түсініктердің мазмұнын, деңгейін және ерекшеліктерін білдіретін пікірлері мен бағалары, көзқарастары мен қарым-қатынас жиынтығы.

Тұлғаның ұлттық сана-сезімі – тұлғаның өзінің қандай да бір этностық қауымдастыққа қатыстылығын түсінуі және саналы түрде сезінуі. Сондай-ақ, тұлғаның ұлттық сана-сезімі оның адамгершілік, діни-нанымдық, эстетикалық, кәсіби және өзге де сана сезіндерімен біте-қайнасып жатады. Тұлғаның ұлттық сана-сезімі – оның ұлттың, ұлыстың өкілі ретіндегі күрделі бейнесі. Оған өзінің табиғи-биологиялық қасиеттері, сыртқы келбеті туралы білімі мен түсініктерін жеке тұлға ретінде ұғынуы; өзін ұлттық психологияның иеленушісі ретінде түсінуі (сезімдері, ерік-жігерінің, ақыл-парасатының, сөздің көрінісі, нақты ұлтқа, халыққа қатыстылығы); өз өмірлік ұстанымын, болмысқа қатынасын, басқа адамдарға, еңбекке, ұлттық қатыстылыққа тәуелділігін тану негізінде тұлғаның ұлттық қасиеттерінің иеленушісі ретіндегі әлеуметтік жауапкершілігін ұғынуы кіреді.

Ұлттық және қоғамдық сана тұлғаның азаматтық ұстанымын өзінің шағын Отанының тағдырына деген жауапкершілік сезімін, өз этносына және оның ұлттық құндылықтарына және өз халқыңның игілігі жолындағы патриоттық сезімді, ал көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстанның жағдайында – аралас-құралас өмір сүріп жатқан жалпы қауымға қатысты патриоттық сезімдерді қалыптастыруға бағытталған. Сол себепті, адамгершілік-саяси мәселелердегі және ұлттық қатынастардағы құрылымның бұзылуының да белгілі салдарлары болады. Яғни, халықтың сана-сезімі қолайлы әлеуметтік-саяси жағдайда, өркениет қағидалары мен ұлттық мәселелерді шешу барысында демократиялық құндылықтар сақталып келе жатқан азаматтық мемлекетте дамуы қажет.

Коммерциялық емес ұйымдардың
Жамбыл облыстық ассоциациясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.