Түркияда тағы жер сілкінісі тіркелді

43

Түркияның Малатия провинциясында жер сілкінді, деп хабарлады turkystan.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Түркияның оңтүстік шығысындағы Малатия провинциясында кеше жергілікті уақытпен кешкі 21.00 шамасында 5,3 балдық жер сілкінісі болды. Зілзаладан 23 адам жеңіл жараланып, бір ескі ғимарат құлаған. Жер дүмпуі көршілес Газиантеп, Диярбакыр, Кахраманмараш облыстарында да сезілген. Түркия ішкі істер министрінің мәліметінше, жараланғандардың көбі қорқыныштан балконнан секіріп кеткендер.

Мамандар жаралылардың өмірлеріне еш қауіп төніп тұрмағанын, тек аяғы сынған бір баланың ғана ауруханаға жатқызылғанын айтып отыр. Қазір жер сілкінген Малатияға көршілес облыстардан да құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді. Жалпы, Түркияның оңтүстік шығысында 6 ай бұрын болған жойқын жер сілкінісінен кейін бұл аймақта әлсін-әлсін жер дүмпулері болып тұрады. Олардың көбі 4-5 балл шамасында.

Мамандар үлкен зілзаладан кейін мұндай тербелістердің болуы заңдылық екенін, яғни үрейленуге еш негіз жоқ екенін айтып отыр. Дегенмен кеше болған жер дүмпуінен қорыққан Малатия тұрғындарының көпшілігі түнді далада өткізген. Оларға жылы киім мен ыстық тамақ таратылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.