Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 мекемесіне тыйым салынған заттарды алып өтпек болған тағы бір азамат қолға түсті.
2004 жылы туған Тараз қаласының К. есімді тұрғыны мекемеде жазасын өтеп жатқан 1998 жылғы А. есімді сотталғанға азық-түлік түріндегі сәлем-саухат ұсыну мақсатымен қысқамерзімді кездесуге келген. Алып келінген заттарды тексеру барысында тексеру тобынын жедел уәкілі, әділет капитаны Н. Ажигали, 5513 әскери бөліміндің маман-бақылаушылары – ефрейтор Б. Асылбеков пен қатардағы жауынгер Т. Асқаров 3 дана ылғал майлық қаптамасының ішінен 4 дана төртбұрыш пішінді, өзіндік иісі бар жасыл түсті затты анықтаған.
Ұсталған азаматтың айтуы бойынша, оған белгісіз тұлға хабарласып, қаладағы ықшамаудандардың бірінде орналасқан дүкеннен азық-түлік салынған пакетті алып, қысқамерзімді кездесу кезінде жазасын өтеушіге тапсыруды сұранған.
Оқиғаға байланысты Тараз қалалық полиция басқармасының кезекші тергеу-жедел тобы шақыртылған. Тексеру барысында анықталған тыйым салынған заттар тәркіленіп, сот-химиялық сараптама тағайындалған.