ТМД елдері өзара сауда-саттықтағы кедергілерді жоймақ

582

Елордада Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

«Барлығыңызды Астанада қарсы алғанымыз үшін қуаныштымыз. Кеңес отырысын өткізу үшін барынша жайлы жағдай жасауға тырыстық. Қазақ жерінен барынша жайлы әсер алып қайтасыздар деп сенеміз. Біз Достастықты посткеңестік кеңістік мемлекеттерін біріктіретін бірегей алаң ретінде қарастырамыз. Соның арқасында өзар іс-қимылымыздың барлық салаларындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмаса аламыз. Біздің жұмысымыздың қорытындысы Достастық аясында елдеріміздің ынтымақтастығын одан ары тереңдетіп, кеңейте түсуге септігін тигізеді деп сенемін»,- деді отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Осыдан кейін Қазақстанның Үкімет басшысы келесі сөзді Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзадаға берді. Ол ең алдымен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің табысты жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдай жасап, қонақжайлық танытқан ҚР Үкіметіне, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта Достастыққа төрағалық ететін түрікмен әріптесін құттықтап, белгіленген түбегейлі мақсаттарға қол жеткізу жолында табыс тіледі.

«Еркін сауда туралы келісім жобасын дайындау жұмыстарының аяқталуына ерекше назар аударылып отыр. Бұған қоса, осыған дейінгі жетістіктерді бекітуіміз де қажет. Ол Достастықтың еркін сауда аймағы туралы шартында белгіленген басымдықтарға қол жеткізуге және тауар айналымын арттыруға септігін тигізеді. Сауда және сауда емес кедергілерді алып тастау, процедураларды жеңілдету, жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстарды одан ары жалғастыру қажет. Көлік-коммуникация салаларын дамыту да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда ең алдымен көлік пен инфрақұрылымды дамыту, елдеріміздің аумағында тауарлар мен қыметтердің кедергісіз тасымалын қамтамасыз ету үшін ағдай жасау қажет. ТМД өңірінің транзиттік әлеуетін толықтай пайдаланған жөн», — деді Кохир Расулзада.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Үкімет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтіп, онда ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелеріне қатысты пікір алмасылған болатын.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.