Тиімді несие алып, тірлігін тіктеуде

664

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Үкімет отырысында мақұлданған қанатқақты жобаға қатысушылардың біразы бүгінгі таңда 2,5 пайыздық несиеге қолжеткізіп, жұмысын бастап кетті. Сол кәсіпкерлердің бірі — бәйтеректік Жарылқасын-Айжан Пірназовтар отбасы.

Кәсіптерін бастаған ауылдықтардың қуанышымен бөлісіп, өзгелерге үлгі ету мақсатында Бәйтерек ауылына арнайы бардық. Пірназовтар отбасына бас сұға салысымен алдымыздан шыққан отбасы мүшелерінің жүздерінен шынайы қуанышты көрдім.

Қалдан ата мен Гүлбала апа балаларымен Өзбекстаннан атажұртқа 2004 жылы көшіп келіпті. Қалдан ата ұзақ жыл мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етсе, Гүлбала апа ауыл шаруашылығы заводында кадр бөлімінде еңбек етеді, кейін бұзаушы болады.

Егін шаруашылығының қыр-сырын жақсы меңгерген отбасы бірнеше гектарға алхоры, шабдалы жемістерін және қызылша, күнбағыс, пияз, тағы да басқа көкөністерді еккен екен.

Атажұртқа келген соң қария жеке шаруа қожалықта алма бақта бақташы болады. Ал анамыз бес жыл зейнетке шыққанша қоғамдық жұмыс істеген.

Қара шаңырақтағы ұлдары Жарылқасын болса мал шаруашылығымен, құрылыс жұмыстарымен айналысады. Үйлері шағын болғандықтан балалардың болашағын ойлап жаңадан үй салуға бел буады. 2012 жылы іргетасын құйған қоныстарына 2015 жылы бітіріп кіреді.

-Азын-аулақ малымыз бар еді. Малымызды саттық, жұмыс істедік, әйтеуір бар тапқанымызды жинап, үйімізді бітіріп алдық.

Бала кезімізден еңбекке – мал асырау мен бау-бақша егу жұмыстарына жақын болдық. Қазір де әкеміз жанымызда ақылын айтып жүреді. Малды қай кезде емдеу керек, жем-шөбін қалай беру керек бәрін үйретіп отырады.

Атажұртымызға келген соң да төрт гектарға күнбағыс ектік.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы туралы айтқанда шыны керек, алғаш түсінбедік. Кейін облыс басшысы, аудан, ауылдық округ басшылары, арнайы мамандар егжей-тегжейлі түсіндіріп, нәтижесінде тиімді несиені алуға тәуекел еттік.

Несиеге алғашқылардың бірі болып қол жеткіздік. 3 млн. 500 мың теңге несие алдым. Оған үш бас сиыр, 50 бас қой, 500 түк жоңышқа, екі тонна арпа алдық. Қойды Билікөлден бір фазендадан алдым. Сиырды да өзіміз таңдап алдық. Бәріне көңіліміз толады. Аллаға шүкір, балаларымыздың нәсібесі деп ойлаймыз, сиырымыздың біреуі бұзаулады. Қойымыздың да алды қоздады. Мал төлдету науқаны алда. Алла қаласа, мал төлдету науқанын шығынсыз өткізсек деген жоспарымыз бар.

Мал басы көбейген соң жайылым мәселесі туындайды. Бізге он гектар жер керек. Әйтпесе, жем-шөптің бәрін сатып ала берсек, шығын көп кетеді. Мал азығын өзімізден шығарғанға жер берілсе деген тілегіміз бар.

Бұл — біздің отбасылық кәсібіміз. Жолдасымның мамандығы — аспазшы. Екеуміздің екі ұл, екі қызымыз бар. Жұбайымның тағы да аяғы ауыр. Бұған дейін мен көбінде сыртта жұмыс істеп жүруші едім. Сондықтан отбасымызбен бұл кәсіпті ашқанымызға қуанып жатырмыз. «Алыстан арқаланғанша, жақыннан дорбалан» демекші, өз үйіңнен кіріп-шығып, бала-шағаңның жанында жүріп жұмыс істегенге не жетсін.

Кәсіп ашсам деген және жұмыссыз жүрген жандарға бұл жоба үлкен мүмкіндік болып отыр. Сондықтан Үкіметке ризашылығымызды білдіреміз,- дейді Жарылқасын.

*       *      *

Пилоттық жобаға енген Ақтөбе ауылдық округіндегі несие алып, мал басын көбейтіп отырған еңбекқор отбасының бірі Нұрғазы-Рабиға  Әлиасқаровтар.

Нұрғазы Әлиасқаров бұған дейін «КамАЗ» жүк көлігін жүргізіп, отбасының нәсібесін тауып жүрген жан. Жолдасы Рабиға Әліпбаева Т.Тастандиев атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ береді. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдары Тараз қаласында жұмыс істейді. Алайда демалыс күндері міндетті түрде ауылға келіп, ата-анасына көмектесіп тұрады.

Отбасының бүгінгі жаңа жұмысы жайлы отағасы үйде болмағандықтан отанасы Рабиға Ұзақбайқызы әңгімеледі.

— «КамАЗ» көлігін несиеге алғанбыз. Жазда жүк көлігіне жұмыс көп, ал қыста көбінде тұрып қалады. Қыста несие төлеуде аздап қиналамыз. Оның үстіне банктен алған несиенің пайызы көп. Бар тапқанымызды банктерге беріп отырамыз. Басқа амал жоқ. Ал мына жоба аясында беріліп жатқан 2,5 пайыздық несие өте тиімді.

Біз 4 млн. 700 мың теңге несие алып, оған он бас жылқы малын және 700 мыңына жем-шөп алдық. Бұған дейін өзімізде үш-төрт бас жылқы болған.

Біз несиені ет бағытында алып отырмыз. Мал басын біраз көбейтіп алсақ, әрі қарай жоспарымызды жүзеге асырамыз,- дейді отанасы.

Иә, жұмыс істеуге күш-қуаты жететін жандар үшін бұл тамаша мүмкіндік. Барлығы адамның өзіне байланысты. Жоқтан бар жасау да, барды жоқ қылу да адамның өзіне, яғни еңбекке деген ынтасына, өмірге деген көзқарасына байланысты. Еңбекқор, барды бағалай білетін жандармен сөйлессең, олардың жемісті еңбегін көрсең, өзіңнен өзің бір марқайып қаласың. Ал жалқау, ештеңенің қадірін білмейтін, ештеңеге қызықпайтын, ештеңеге көңілі толмайтын жандармен сөйлессең, көңілің құлазиды. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, еңбек етейік.

«Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» деп ұлы ойшыл Абай  атамыз айтқандай, бүгінгідей бейбіт заманда тек қана еселі еңбек етейік. Сонда ешқашан көштен қалмаймыз.

 Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.