Тарих сүрлеуін жаңғырту – қажеттілік

953

Осыдан 80 жыл бұрын 1938 құрылған Жамбыл археологиялық пункті  1945 жылы жабылып қалды.Соған қарамастан аз жылда пункт көп жұмыс тындырды. Олар шын мәнінде, Тараз өңірінің тарихы мен мәдениетін бүкіл әлемге алғаш танытқандар. Пункте белгілі шығыстанушылар, атақты Александр  Бернштам, Лазерь Ремпель,  Героним Пацевич, Михайл Массон, Таисия  Сенигова, тағы басқалар еңбек етті. Олардың бірі пункте тіркелсе, екіншісі алыстан ат терлетіп келіп, солардың келісімімен жұмыстар жүргізді. Мәселен СССР Ғылым Академиясының Деректі мәдениет тарихы институтынан А.Н.Бернштам жетекшілік еткен экспедициясының атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Бүгінгі күнге дейін Тараз тарихына үңілгендер осы пункттің сол кездері атқарған жұмыстарына арқа сүйейді. Олар алғаш рет ғылыми негізде көне Тараз қаласының орталығында қазба жұмыстарын жүргізді. Пункт директоры Героним Пацевичтің айтуынша археологиялық пункт түркі әлемінің ірі зерттеушісі А.Н.Бернштамның ақыл-кеңестерін басшылыққа алды.  Ерекше айта кететін бір мәселе – олар алғаш рет Тараз қаласының айтулы жылдығын атап өту туралы бастама көтерді.  Қасетті де, киелі Айшабибі мен Бабажа Хатун кесенелерін толық қираудан сақтап қалды. Жамбыл облысының мемлекеттік архиві  өткен жылы осы және басқада мәселелер қамтылған, Жамбыл археологиялық пунктінің атқарған жұмысын айғақтайтын «Тараз: Археологиялық зертеулер (1938-1945 ж.ж.)» атты тарихи құжаттар жинағын шығарған болатын.

 Біз осы жинақ материалдарына қысқаша шолу жасай отырып, ұмыт бола бастаған деректерді жаңғыртуды, сол арқылы туған жердің тарихи жәдігерлері туралы айтуды,зерттеушілер мен өлкетанушылардың тарихымызға тағы да назар аударуына ықпал жасауды өзіміздің басты мақсатымыз санағандықтан осы мақаланы жаздық. Біреулерге біз айтатын деректер белгілі болғанымен  көпшілік хабарсыз екені анық.

Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны, ортағасырда ірі сауда және саяси орталықтың бірі Тараз тарихы талайларды қызықтырғаны, қызықтыратындығы анық. 1864 жылы патшалық Ресейдің әскері қазақ жерінің оңтүстік өңірін жаулап алғаннан кейін «жабайылардың» ортағасырлық қалалары мен қорғандары оларды ерекше таңғалдырды. Билікке келген орыс генералдары мен шенеуніктері қорғандар мен қамалдарды қазып, оның астында жатқан тарихи жәдігерлерді аршумен бірге бағалы заттарды шаршамай іздеді. Осылайша алғаш рет Тараз және оның айналасындағы қалаларға археологиялық зерттеу жұмысын жүргізуге ұмтылды. Осы жұмысты мақсатты және жүйелі жүргізу үшін Түркістан әуесқой археологтар клубын құрды. Сол жылдары қазіргі Тараз қаласының аумағынан 48 археологиялық ескерткіштің орнын белгілеп, картаға түсірген. Өкінішке орай, олар толық зерттелмей, тегістеліп, құрылыстар салынды. Отарлаушылар болса жердің үстінен және астынан табылған тарихи жәдігерлерді Ташкент арқылы Санкт-Петербургқа асырып жатты. Мұны Жамбыл облысының мемлекеттік архивіндегі құжаттар айғақтайды. Тіпті мұндай жұмыспен маман болмаса да шиновниктер де айналысты. Мысалы Әулиеата қаласының әкімі болған Василий Каллаурдың жазбаларынан осыны аңғарамыз.

Мұның бәрі Тараздың шын тарихын айғақтауға және анықтауға нақты дәлелдер келтіруге жеткіліксіз еді. Шын мәнінде қазақ жерінің оңтүстік өңіріндегі ортағасырлық қалалардың өркениетке қосқан үлесін анықтау бағытында совет билігі орнағаннан кейін жиырма жылдан соң ғана  жұмыстар басталды.Бірақ оның нәтижелері толық, ашық айтылмады, жәдігерлердің қайдан табылғанын айтпады. Дегенмен де атқарылған жұмыстардың тарихи-танымдық жағы  көп болғанын жоққа шығаруға болмайды.

Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінде Тараз бен оның айналасындағы қалаларда ғылыми негізде жүргізілген алғашқы археологиялық жұмыстар туралы құжаттар жинақталған.  Тарихи құжаттардың бәрі құнды. Солардың ішіндегі Александр Натанұлы Бернштамның 1938 жылы СССР Ғылым Академиясының Н.Я.Марр атындағы Деректі мәдениет тарихы институтының Алматы филиалына жолдаған ақпарынан көп нәрсені білуге болады. 1938 жылы ерте көктемнен басталған экспедиция жұмысы сол жылдың қыркүйегінде аяқталған. Жолданған ақпар хаттан Тараз қаласының шахристанында және оның айналасында 13 жерде көне қаланың бетін аршу жұмыстары жүргізілгендігін білесіз. Шахристанның солтүстік шығыс бөлігінде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген ортағасырлық құрылыстардың орны табылады. Қолөнер бұйымдарымен бірге монеталар, олардың арасында Византияның – алтын, мұсылмандардың – күміс, Қытай, Ұйғыр, Түркеш және басқа да елдердің әртүрлі монеталары табылған.  Осылайша ақпарат хатта барлық 13 аршу жұмыстарының қорытындылары нақты баяндалды.   Әсіресе 11-орыннан 3 метр тереңдікте табылған тарихи жәдігерлер аса құнды болып шықты. Солардың арасындағы Ахаменид (көне Парсы патшалығы) заманына тән кішкентай мүсін ерекше деп бағаланды.

Табылған жәдігерлер туралы республикалық және жергілікті газеттерге қысқаша материалдар жариялаған. Тіпті олар 1938 жылдың 15-қыркүйегінде табылған жәдігерлердің көрмесін ұйымдастырады. Еңбастысы аса құнды жәдігерлерді орталыққа жөнелтуді өздерінің басты міндеті санаған. Оны олар ашық жазған. Сол жылдың соңында 48 қорап (!) жәдігер Ленинград пен жоғарыда аталған институттың филиалына жіберілген. Сондай-ақ археологиялық қазба жұмысы кезінде жазылған күнделіктер, сызбалар, түсірілген суреттер де тізімделіп, жоғарыға жолданғаны туралы да дерек бар. Археологиялық экспедицияның бастығы А.Н.Бернштамның қорықтар мен көне ескерткіштерді қорғау басқармасына жолдаған ақпар хаттарында бұдан да басқа мәселелер айтылады. Бұл ақпараттан археологиялық қазба жұмыстары осы басқармамен келісілгеннен кейін жүргізілгеніне көзіңіз жетеді.

А.Н.Бернштам Жамбыл қаласында және оның айналасындағы «Молотов», «Қаракемер», «Өрнек» колхоздары аумағында, сонымен бірге, Тоғызтарау, Билікөл, Ақкөл мен Ақмола, Қарабастау, Белбұлақ, Берікқара, Текесу, Шымырбай, Ақырсай, Майтөбе, Әулиебастау, Күйік, Мүрделітөбе, Балықсаз, Шөлдала, Головочевка, тағы да басқа ауылдар мен киелі жерлерде жүргізген ғылыми жұмыстарының қорытындылары туралы есеп берген. Айша бибі және Бабаджа Хатун кесенелерін суретке түсірген. Жамбыл қаласының шетіндегі Көктөбе мен Төркүлге де назар аударған. Қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген керамикалық заттардың VII-VIII және IX ғасырларға тән екені жазылды.

А.Бернштам  Билікөлдің жағасындағы Берікқара шатқалындағы молалар мен қорғандардың мәні мен маңызын ерекше қадап айтты. Берікқара молалары 13 нысаннан тұратындығын және олардың ерекшелігін де сөз етті. Қазба жұмыстары кезінде табылған ыдыс-аяқтар мен сәндік бұйымдар туралы да өз ойын білдірген. Асқан шеберлікпен жасалған сырға, сақина, тағы да басқа сәндік бұйымдар туралы айта келіп, сол заманның мәдениеті мен өнері өте жоғары болғанына көз жеткізеді. Қазір көпшілікке белгілі Күйік-Қарабастау жолының бойындағы Әулиебастау туралы да ой толғаған. Бір сөзбен айтқанда, Бернштамның Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 772-қорының 1-тізімдемесіндегі 2-ісінде сақтаулы құжаттың мәні мен маңызы әлі жоғары. Мұны археологтар мен ғалымдар оқып, зерттеулері қажет. Ол Жамбыл қаласында археологиялық жұмысты жүргізетін құрылымды күшейту туралы ұсынысты айта келіп, көк базарды көшіру мәселесін сол кезде көтерген. Аса құнды тарихи жәдігерлерді бауырына басып жатқан Тараз қаласының орнын қорғау мен сақтау аса маңызды екенін дәлелдейді. Археологиялық жұмыстар жүргізілген жерлер қоршауға алынып, оларға қарауыл қою қажет деген ұсынысты да айтады. Бір сөзбен айтқанда, атақты ғалымның жазбасы өте құнды. Осындай деректерді алға тарта келіп, ол ойын былайша түйіндеген: «Жинақталған материал Тараздың саманид-қараханид дәуіріндегі қала болғандығы, мекен-жайдың, оның құрылымының дамығандығы, тұрғындардың көне халық екендігі жөнінде ой қорытуға болады».

Археологиялық пункт қызметкерлері Бернштамның экспедициясына қосылып, 1939 жылы Билікөл жағалауындағы Берікқара қорғандарында қазба жұмыстарын жүргізуі нәтижелі болды. Сонымен бірге олар Жуалы ауданының аумағында бірнеше зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұрын белгісіз болып келген қалашықтар мен қамалдардың орнын анықтады. Араб саяхатшылары мен Бартольдтың жазбаларын басшылыққа алған Археологиялық пунктінің қызметкерлері Бурный кентінің айналасынан үш қорғанның орнын анықтап, оларға шінара қазба жұмыстарын жүргізді. Осы көне қалашықтар мен қорғандар туралы ол былай дейді: «Тараздан Испиджабқа (Сайрамға) дейінгі аралықта бұған дейін белгісіз, атаусыз болып келген бірнеше қорғандар мен қамалдардың орнын кездестірдік … Бурное кентінің маңынан Теріс өзенінің оң жақ жағалауынан қақпасы, рабады, басқа да құрылыстары болған әжептеуір үлкен екі қиранды қалашықты көрдік. Үшінші қалашықтың орны 16 метрлік биік төбеге айналған цитаделі, шахристаны және рабады, әртүрлі биіктікте үш алаңы болғанын, айналасы қоршалғанын айғақтайтын құрылыстар сілемдері жатыр». Олар қазба жұмыстарын толық және ұзақ жүргізе алмағандығын да айтады. Бір қуаныштысы, осы қалада қазір Жуалы ауданының әкімі Бахтияр Көпбосыновтың бастамасымен қазба жұмыстары жүргізілуде. Бір-бірімен ұштасып жатқан екі қаланың орны табылды. Бірі ХІІ ғасырға тән болса, екіншісі біздің дәуірімізге дейінгі қала. Біздің дәуірімізге дейінгі қалаға жүргізілген қазба жұмыстарының алғашқы нәтижесі Қазақстан археологтарын таңғалдырып отыр. Қала біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І  ғасрлардан бастау алатындығы анықталып отыр. Мұны жапондық ғалымдар да растады. Қазба орнынан алынған топырақ пен күлді зертеген жапондық ғалымдар бұл жәдігерлердің біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І ғасырларға тән екенін айғақтап, зертхана қорытындысын жіберді. Аумағы 10 гектар жерді алып жатқан мұндай қалаға ұқсас көнежұртқа елімізде өте сирек қазба жұмысы жүргізілген.  Бұл  бірегейлердің қатарында. Осындай нәтижеге жетудің алғашқы негізді археологиялық пункттің ғалымдары қалағанын ұмытуға болмайды.

Пункт археологтары 1940 жылы Тараз қаласында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде қыш бұйымдарды күйдіретін пештің орнын тапты. Пештің құрылысын зерделей келіп, ғалымдар сол заманның қолөнершілері өте жоғары температурада ауа үрлейтін құбыр арқылы күйдіру жұмысын жүргізгенін анықтады. Бір қуаныштысы археологтар қазба жұмыстарын жүргізумен бірге оларды сақтауды да жүзеге асыра білді. Мәселен, 1938 жылы табылған XI-XII ғасырға тән көне моншаның орнында жүргізілген қазба жұмысынан кейін ол жерді жабу осыған дәлел. Бұл қазба жұмыстары жүргізілген жердің бүлінбеуіне ықпал жасайтындығы айтпаса да түсінікті.

Ақыртас археологиялық пунктің қызметкерлерін ерекше қызықтырған. Тіпті, оны көзден таса ұстап, қызғанышпен  қорғаштаған секілді. Оған сол кезде жамбылдық археологтардың ұсынысымен Ақыртас мемлекеттік қамқорлыққа алынып, кез-келгеннің зерттеу жұмыстарын жүргізуіне де шектеу қойылыуы дәлел.

1940 жылы кездейсоқ табылған тарихи жәдігерлер туралы да сөз етеді. Мәселен, осы жылы пунктке монеталардың үш қазынасы тапсырылған. Бірінші қазына Жамбыл қаласының маңындағы Қант совхозының жерінен, Төменгі Барысхан айналасынан табылған. XI ғасырдың екінші жартысында Елек әулетінің билігі кезінде, яғни қараханидтер заманында төмен сапалы күмістен жасалынған 160 дана монета табылды. Массонның анықтауынша олардың арасындағы екі монета Тараз қаласында соғылған. Екінші қазына Жамбыл қаласының «Колхоз» көшесінің бойында жатыпты. 63 монетадан тұратын қазына негізінен күмістен жасалынған. Үшінші қазынаға Сарысу ауданының Күлтөбе қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қол жеткен. Мыстан құйылған монеталар XIII-XIV ғасырда Әмір-Темірдің әулеті билікте тұрған кезде соғылғаны белгілі болды.  Бұлар да қазақ жерінен сыртқа кетіп жатты.

Тарихи құжаттарда облыс орталығының жанындағы Тектұрмастағы көне мола туралы да дерек келтірілген. Зороастриялық кезеңнің, яғни, отқа табынушылардың моласы Талас өзеніне салынған бөгет құрылысы кезінде табылған. Отқа табынушылар өлген адамды ашық аспан астында қалдырып, сүйегінен еті ажырағанша көмбеген. Содан кейін ғана адамдардың сүйегі арнайы ыдыстарға салынып, бір метр тереңдікке көмген. Тектұрмастан таспен қоршалған бірнеше табыт табылған. Олардың ұзындығы үш метр, ені бір жарым метрдей болатын табыттар мәрмәрмен өрнектелген. Бұл табыттардың ішіне шалқасынан жатқызылған, басы батысқа немесе оңтүстік-батысқа, жүзі оңтүстікке қаратылған адамдардың сүйектері салыныпты. Осындай отыз моланың барлығынан тек адамдардың ғана сүйегі табылған. Тек бір-екі моладан ғана арша ағашының және жібек матаның, терінің қалдықтары кездескен. Тап осындай табыттар Кавказ өңірінен табылғанын еске ала келіп, бұл тарихи жәдігерлер қола дәуірінің соңы мен темір дәуірінің басына тән екені айтылады. Пацевичтің айтуынша Тектұрмастағы молалар біздің жыл санауымызша 1- ғасырда болған.

  Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің сол кездегі аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Л.И. Ремпельдің ғасырлар бойы жер астында бүгіп жатқан тарихи жәдігерлері туралы жазғандары аса құнды. 1950 жылы қазіргі Тараз қаласының орталық Достық алаңы ұн базарының орны болған. Оның орнын қазған кезде аса құнды тарихи жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, жер астынан табылған тас табыттар өзге жерлерден сол кезеңге қатысты табыттардан бөлек болып шықты. Көне қала орнында осындай жәдігерлердің барлығы жөніндегі дерек 1904 жылы, сол кездегі қаланың қожайыны болған В. Каллаурдың тарихи жазбаларында да кездеседі. Сондай-ақ 1927 жылы көне Тараздың орнында қазба жұмыстарын жүргізген атақты ғалым М.Е.Массон да бұл тарихи жәдігер туралы сөз еткен. Біз айтып отырған жәдігер VIII-IX ғасырларға зароастризм ұстанымына тән белгілер. Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған тас астау табыттар мен құмыраларға салынған адамның сүйектері туралы әртүрлі пікір бүгінгі күнге дейін айтылуда.

  Ғылымда «астадан» деп айтылатын тас табыттың ұн базарының орнынан табылуы және оның ерекшелігі туралы Лазарь Ремпель жан-жақты суреттейді. Алғашқы табылған табыт астау – тік төртбұрышты 53×40 сантиметр көлемінде, биіктігі 41 сантиметр, қабырғалары ішіне қарай иілген. Қақпағы киіз үйге ұқсас. Мұндай «астадан» сөзі әзірбайжан тілінен алынғанымен, біздің «астау» сөзінің мағынасын береді. Яғни, бұл көне түркі сөзі. Көне Тараз жерінен табылған табыт астаудың ерекшелігі – оның беткі қақпағында адам суреттерінің салынуы. Олардың беткі бедерінің биіктігі 16,5 сантиметр. Қақпаққа бір емес екі адамның кескіні салынған. Олар қолдарын кеудесіне айқастыра ұстаған, саусақтарын бүгілмеген. Үстеріне ұзын киім киген. Белдіктері өрнектелген, жүздері дөңгелек, алқымдары салыңқы. Ұзын қыр мұрынды. Ауыздары кішкентай. Бір сөзбен айтқанда, ғалым тас табыттағы адам бейнелері туралы толық және жан-жақты суреттеген. Ол Тараз тас табытын Қырғыз, Қытай және Жетісу жерінде табылған осындай жәдігермен салыстыру арқылы суреттейді. Ғалым суреттеп отырған адам бейнелері жерленгендердің суреттері болуы мүмкін деген де сөз айтады.

 Сол кезеңнің өлген адамды жерлеу дәстүрі мен салты туралы айта келіп, халықтың мәдениеті мен тұрмысы туралы деректер келтіреді. Көне түрік халқының алғашқы діни ұстанымы «шаман» деп қорытынды жасайды. Жерлеу рәсімі туралы айтқанда Л.Ремпель осы өңірге ертеректе саяхат жасаған батыс европалық Земархтың жазбалары туралы да, оның түрік қағанын жерлеу салтын да еске түсіре кетуді ұмытпапты. Табыт астаудың бетіндегі суреттерді айта отырып, жерленген адам туралы болжамдар жасайды. Астадандағы адам суреттері әртүрлі екен. Қазба жұмыстары кезінде ұн базарынан бір емес, онға жуық тас табыт табылған. Олар бір-біріне ұқсас болғанымен өзгешеліктері де көп. Оның бәрін айтып жатудың қажеті шамалы.

Бір қызығы Л.Ремпель «Көне Тараз жер асты жәдігерлері» туралы жазбаларында түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың «Баба» және «Ата» сөздерінің этимологиялық түбіріне назар аударуға, оның мағынасын тереңдей зерттеуге бағыт-бағдар береді.

Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде археологтар адам сүйектері салынған бірнеше құмыра тапты. Табылған екі құмыра облыстық тарихи-өлкетану музейіне жеткізілді. Бұл құмыралардың ерекшелігі – оның тұтқаларындағы бейнелер. Бірінші құмырадағы он екі тұтқада алдыңғы аяқтарын жоғары көтеріп тұрған арыстандар бейнеленген. Екінші құмырада үш қана тұтқа бар. Мұнда ұзын тұмсықты үріп тұрған иттің суреті салыныпты. Тас табыттарда арыстанның бейнесінің салынуы таңсық емес. «Бізге қызық болғаны иттің бейнеленуі», — дейді ғалым. Иттің басы бейнеленген тас табыт Майтөбе жерінен де табылған. Өкінішке орай бұл тарихи жәдігерлеор де ел асып кеткен.

Ғалым ұн базарының орнындағы мола мен одан табылған жәдігерлер арқылы сол заманның салты мен санасын айшықтауға ұмтылғанын да аңғарамыз. Тараздан табылған астадан VI-VIII ғасырдың жәдігерлері. Оның ішінде ерекше көзге түсетіні – киіз үйге ұқсас тас табыт. Осы орайда ғалым сол кезде жерлеудің бірнеше дәстүрлері туралы сөз ете келіп, өңірде әртүрлі сенімдегі адамдар бірге өмір сүргенін айтады.

Лазарь Ремпельдің көне Тараздың жер асты жәдігерлері туралы ғылыми зерттеу мақаласындағы аса құнды тағы бір деректі айтпасқа болмайды. Ол – көне Тараздың шахристанының айналасындағы құрылыстар. Бүгінгі Атшабарды зерделеп қараған адам бұл орынның қорғаныс үшін салынғанын аңғарады. Археологтар осы жерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде екі метр жер астынан жан-жағы таспен қаланған, балшықтан салынған, ортасы құмман толтырылған қалың қабырғалардың орнын кездестірген. Бұл қабырғалар бір емес, бірнеше жерден табылған. Осыған қарап Тараз қаласының шахристаны биік қорғандармен қоршалғанын білесіз. Ол бұл туралы былай дейді: «Табылған археологиялық қазба жәдігер саз балшықтан қаланған дуал. Қаланған құрылыс тұрғын үйдің қабырғасы емес… Бұл қираған қатпарлы құрылыстың қалдықтары…»

Тараз қаласының тарихы мен оның орналасу ерекшелігі туралы зерттеушілер көне шаһардың бүгіп жатқан сырын әлі де толық анықтамағаны айқын. Бүгінгі күні біз археологиялық жұмыстарды жүргізе отырып, көне Тараздың кескін-келбетін көз алдымызға елестететін сілемдерін қайта қалыпқа келтіруді ойластыруымыз керек сияқты. Мұндай құрылыс ертеде болғанын археологтар дәлелдеп отыр. Бұл қала тарихы және көркі үшін қажет құрылыс болады деп ойлаймын.

Тарихи жазбалардан тағы бір екі дерекке тоқтала кеткенді жөн санадық. Жамбыл археологиялық пунктінің зерттеулері нәтижесінде СССР Ғылым Академиясының Қазақ филиалы мен Деректі мәдениет тарихы институтының деректері бойынша, сол кездегі Жамбыл қаласының негізі біздің заманымыздың V ғасырында қаланған деген тұжырым айтады.Бұл деректің нақты болмағанына қарамастан өте жасампаз дерек болатын. Көне қаланың торқалы тойын атап өту, бұл шын мәнінде халық мәдениетін асқақтататын халықтық мерекеге айналады дегенді де жеткізеді.  Неміс фашистерін жеңуге бұл датаны атап өту өз ықпалын тигізеді дегенді де алға тартады. Олар тіпті, Жамбыл-Тараз қаласының 1500 жылдығын 1943 жылдың қараша-желтоқсан айларында атап өтуді ұсынды. Сонымен бірге мереке кезінде орындалуы керек деген іс-шараларды да жоспарлаған.

Тараздың тарихы 2000 жыл бұрын басталды демесе де ғалымдар бұл жердің тарихы тереңде екенін мойындағанын, білгенін айғақтайды. Ғалымдардың бұл ұсынысы сол кезде аяқсыз қалды. Солай болатыны да түсінікті. «Тарихы, мәдениеті жоқ» деген халық қаласының 1500 жылдығын тойлау  үлкен ағаға ерсілеу көрінді. Тарихы терең екенін айдай әлемге тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана 2002 жылы Жібек Жолының інжу-маржаныны Тараздың 2000 жылдығын тойлау кезінде паш еттік. Оның алдында Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы Таразға тарихи аты қайтарылуы ұлы істің басы болатын. Осылайша біз тарихымыз тереңде екенін өзіміз әлемге дәлелдедік.

 Тарихи құжаттарда айтылған тағы бір деректі айтпасқа болмайды. Олар Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелеріне қатысты. Ел арасында «Айша бибі кесенесін патшалық Ресейдің әскерлерімен бірге қызылдар мен ақтар да зеңбірекпен атқылапты» деген сөздер айтылады. Архив құжаттарына ондай деректі кездестіре алмадық. Алайда архивте Жамбыл археологиялық пунктінің директоры Г.И.Пацевичтің Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық советі атқару комитеті төрағасының орынбасары Градовскийге жолдаған баянхаты сақтаулы. Осы баянхатта 1943 жылдың 18-қаңтарында өзіне Айша бибі және Бабаджа хатун кесенелерінің қарауылы (Бейсекүл апа. Авт.)  әскерилер кесенелерден 2000 кірпіш алатындығын алға тартқанын жеткізеді. Кірпішті алушылар сол маңда орналасқан әскери бөлімнің басшылары. Олар кесенеден алған кірпіштен монша салынады депті. Бұл хабарды естіген Г. Пацевич облыстық әскери комиссариатқа, облыстық атқару комитетіне, облыстық партия комитетіне барды. Әскери бөлімнің бастығы   кесене кірпішін алуға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ткаченконың ауызша рұқсат бергенін айтқан. Пункт директоры алғашқы күні облыс басшыларына жүзбе-жүз кездесе алмағанымен, жолдаған хаттары арқылы болып жатқан келеңсіз оқиғаны хабарлай білді. Кейін белгілі болғандай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ешқандай рұқсат бермегенін айтып, жедел түрде Головочевка селолық советіне телефон шалып, көргенсіз істі тоқтатуды талап етті. Мұны Г.Пацевич облыс басшысының өзін қабылдап, мән-жайды білгеннен кейін  айтты дейді. Сонымен бірге облыс басшысы алынған кірпіштерді қайтаруды және мазарды қалпына келтіруді тапсырады. Біз тарихи құжаттан осындай оқиғаның орын алғанынан хабардар бола отырып, имансыздардың өмірде болғанынан дерек аламыз.

Тарихи құжаттарды зерделей отырып біз мәдениет пен өнер ұлтына қарамай ортақ екендігіне көз жеткіземіз. Бүгінгі күні біздің тарихымызды, мәдениетімізді, өнерімізді тануда және өзгелерге танытуда ұлты бөлек азаматтар еңбек еткенін жақсы білеміз. Оларға алғысымыз мол. Әрине олардың да тарапынан заманына қарай кемшіліктер болғаны белгілі. Әсіресе Жамбыл өңірінен, Тараз қаласынан табылған тарихи жәдігерлердің қазақ жерінен сыртқа  жөнелткендерімен еш келісуге болмайды. Тарихи құжаттарда бір емес, бірнеше рет   жәдігерлердің сол кездегі орталыққа жіберілгені жөнінде деректер жеткілікті. Оны қайтып алу мүмкіншілігі өте төмен. Бірақ бізден жіберілген кейбір жәдігерлер солардың қоймаларында жатуы да ықтимал.  Сондықтан да  болса тұпнұсқасын, болмаса солардың көшірмелерін   алып, музейге қойса  нұр үстіне нұр болар еді.

 Толыққанды тарихты білуде архелогия шешуші рөл атқарады. Мұны бүкіл әлем мойындаған. Бүгінгі ұрпақ тамырымызға тарихымыз жақын келуі үшін осы жұмысты жандандыру аса маңызды екенін жете түсінуі керек.  Осыдан 80 жыл бұрын басталған зерттеу жұмыстарын өзіміздің жалғастыруымыз өте маңызды. Жаңаның тамыры көне екенін әсте естен шығармаған жөн. Сондықтан да  Тараз тарихына  салынған сүрлеуді жаңғырту  үшін облыс орталығынан археологиялық зертхана ашу қажеттілік деп ойлаймын.  Бұл Тараз және оның айналасындағы археологиялық ескертіштерді зерттеуге, зерделеуге мүмкіншілік  береді, соның нәтижесінде рухтың темірқазығы ұлттық тарихымызды жаңғыртуға  зор ықпал жасайды.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, Қазақстанның Құрметті журналисі, өлкетанушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.