Таразға ірі көлемде есірткі жеткізбек болған күдікті ұсталды

91

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының  қызметкерлерімен алдын ала ұйымдастырылған арнайы операция барысында есірткі заттарын өткізетін тағы бір «арнаның» жолы кесілді.

2023 жылғы 13 қаңтарда Меркі ауданының 48 жастағы тұрғыны ұсталды, ол Тараз қаласына ірі көлемде есірткі жеткізуді жоспарлаған.

Күдіктінің тұрғылықты жері бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде  жертөледен жалпы салмағы 5 келі 864 грамм «гашиш» және жалпы салмағы 1 келі 280 грамм «кептірілген марихуана» есірткі құралы табылды.

Сондай-ақ жеке басын тінту барысында күдіктіден салмағы 14 гр 48 млгр «гашиш» есірткісі табылып, тәркіленді.

— Тәркіленген есірткі құралдарының жалпы салмағы 5 келі 878 грамм «гашиш» пен 1 келі 280 грамм «марихуананы» құрайды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, — деп хабарлады облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.

Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылуы мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.