Тараздық нейрохирургтар біліктілігін көрсетті

80

Адамның денсаулығы оның басты байлығы. Дәрігер болу көп ізденіс пен еңбекті талап ететін мамандық. Адам өмірі мен өлімі арасында араша болып жүрген мамандардың еңбегін бағалай білуіміз тиіс.
Міне, осындай тағы бір сәтті ота облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне өтті. Жасөспірім 2018 жылы ауыр бас сүйек-ми жарақатын алып, Жуалы аудандық ауруханасында шұғыл түрде гематоманы алып тастау үшін ота жасалады. Балаға бас сүйегінің декомпрессиялық трепанациясы жүргізіледі. Отадан соң жасөспірім өзін өзі жақсы сезініп, денсаулығы жақсарған соң үйіне шығарылады. Бала тұрғылықты жері бойынша невропатологта қаралып, тиісті ем домын алып жүреді. Бірақ уақыт өте келе анасы ұлының психомоторикалық дамуы артта қалып жатқанын байқай бастайды. Балақайдың жағдайы күннен күнге нашарлап, жиі құлап, бас жарақатын алады.
Бұл жағдайлардан соң анасы тексерістен өтіп, сал-себептерін білу, баласын емдету үшін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына әкеледі.
Тексеріс барысында Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері мидың компьютерлік томографиясында оң жарты шардың париетальды бөлігінің кистозды-атрофиялық трансформациясының, дисциркуляторлық энцефалопатияның, ми қыртысының орташа субатрофиясының, сондай-ақ оң жақтағы париетальды сүйектің жарақаттан кейінгі ақау белгілерін анықтайды. Нейрохирургтар мен анестезиологтар бригадасы мидың қайта жарақаттануын болдырмау үшін күрделі операция жасауға шешім қабылдайды.
Ота жасау барысында мидағы адгезия алынып, ақауды титан пластикпен жабылады. Балалар нейрохирургтерінің кәсіби біліктілігінің арқасында ота сәтті аяқталған. Бүгінде пациент жағдайының жақсаруына байланысты үйіне шығарылуға дайындық үстінде. Денсаулығы жақсы. Ота жасөспірімге медициналық сақтандыру қоры қаражаты есебінен тегін түрде жасалды.
Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирургтары патологиясы байқалған науқастарға көмек беруде жоғары біліктіліктерін көрсетуде.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы

Leave A Reply

Your email address will not be published.