Таразда «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды

1 171

Дана халқымыз «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда – мұңдық жоқ», «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады», – деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Айналадағы адамдарға деген мейірім мен қамқорлық адамгершілік пен имандылықтың өлшемі саналады. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Шыны керек, кейде қамқорлық жасағандарға алғыс айтудан әрі аса алмай жатамыз.

Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгінгінің «Атымтай жомарттарын» елге танытып, жақсылығын жұртқа білдіру мұратымен «Жомарт жүрек» сыйлығы тағайындалған болатын. Бүгін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев аталмыш сыйлықты жерлестеріне мейірімін көрсетіп, жылу берген азаматтарға табыс етті.

Атаулы оқиғаға арналған жиын кәсіпкерлер мен меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерларды ынталандыру, көтермелеу және кіші отанын дамытуға қатысуға шақыру, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін  тарату, қайырымдылық мен мейірбандық идеяларын танымал ету мақсатында ұйымдастырылды.

Шарада сөз алған шаһар басшысы мейірбан жандарға алғысын жеткізді.

– Рухани жаңғыру қағидаттарының негізі болған қасиетті ұғымдардың бірі – туған жер. Бұл бағытта елімізде «Туған жер» жобасы жүзеге асырылып, жомарт жандардың өзінің туған өлкесіне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шаралар жасауға үлкен үлесін тигізді.

Бүгінде Елбасының «Туған жерге туыңды тік» ұранына қолдау білдіріп, қалада әлеуметтік-мәдени ғимараттарды, саябақтар мен мұражайларды қалпына келтіру мен құрылысын жүргізу бағытында ауқымды істер атқарылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада 2 саябақ қалпына келтіріліп, қайта жаңғыртылды. Бір мәдениет нысаны, 4 әмбебап спорт алаңшалары пайдалануға берілді.

Меценаттарымыз көпбалалы отбасыларға екі пәтер кілтін табыстаса, спорт чемпионы мүгедек бала асырап отырған отбасына автокөлік табыс етті. Биыл да мұқтаж жандарға қолұшын созып, көмек көрсетін азаматтар саны арта түседі деп сенемін, – деді Қ. Досаев.

Жиында өзінің игі ісімен көзге түскен мейірбан жардар марапатталды. Атап айтқанда,  «Жыл меценаты» аталымы «Таразэнергоорталық» АҚ президенті Бақберген Мәуленовке табысталды. Б. Мәуленов жағдайы төмен, көп балалы жанұялардың 50 млн. теңге көлеміндегі коммуналдық төлемақы қарыздары мен өсімпұлдарына қайырымдылық көмек көрсеткен. Өзінің туған жерінде Ұлы Отан  соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатып, тоғызқұмалақ ойынының дамуына  өз үлесін қосуда.

«Жыл тұлғасы» аталымы «Агроспецстрой»ЖШС-нің директоры Марат Рахимбердиевке бұйырды. Ол өз құрылыс комапаниясымен көптеген ірі  құрылыс нысандарын салып, пайдалануға берген. Серіктестік жыл сайын-қарттар үйіне, жетім және ата-анасының  қамқорлығынан айрылған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қайырымдылық көмек көрсетеді. Ауған соғысының ардагері қала тұрғыны А. Можаровтың тұрғын үйін күрделі жөндеуден өткізіп берді. «Туған жерге туыңды тік!» кең көлемді акция аясында мекеме жұмысшыларына  баспаналы болуына өз ықпалын тигізді. «Жеңіс» саябағының абаттандырылуына демеуші ретінде үлес қосты.

Сондай-ақ, «Туған өлке» аталымымен «Мейірім»медициналық орталығының құрылтайшысы Гүлдара Нұрымова, «Жүректен жүрекке» аталымымен жеке кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен Тараз қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев, «Ерен еріктілік» аталымымен  «Жасыл Ел» еңбек отрядының белсендісі, волонтер Мариям Генжемұратова, «Батыл жүрек» аталымымен Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Данияр Заурбек марапатталды.

Аrainews

Leave A Reply

Your email address will not be published.