Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап елімізде кезең-кезеңімен коронавирустық инфекцияға байланысты вакцина салдыру жұмыстары жүргізілуде. Жаппай вакцина салдыру жұмыстары темір тордың ар жағында да қарқынды түрде ұйымдастырылуда.
Жуырда, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесіндегі өз еркімен өтініш білдірген жазалы жандарға да вакцина егілді. Айта кетейік, қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген вакциналау жұмыстарының алдында мекеме қызметкерлері әуелі сотталғандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мамандар жазасын өтеушілерге коронавирусты инфекцияның алдын алу барысында вакцинаның маңыздылығы мен вакцинаны егу әдістері және вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде, бүгінгі күні өз өтініші бойынша мекемедегі сотталғанға “Спутник V” вакцинасы егілді.
Сәдуақас Тоқсанбаев,
ЖД-158/4 мекемесінің қызметкері