Таразда Амал мерекесі аталып өтті

55
Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі Көрісу күнінен басталатыны белгілі. Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл дәстүр – дана халқымыздың ұлыс болып ұйығандығының жарқын көрінісі іспетті.
Ұлық ғұрып бүгінде ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес. Жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Сондықтан бұл күн Амал мерекесі деген атауға ие болған.
Ежелден ел көрісумен ғана шектелмей, адамдар арасындағы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Көненің көзі – қарияларға құрмет көрсетіліп, інілік ізет, дархан пейіл танытудың үлгісі. Олай болатыны, Амал – елдік, халықтық мейрам. Бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды деп сенген.
Бағзыдан келе жатқан бәсі биік мерекені биыл тараздықтар кең көлемде атап өтті. Соның жарқын көрінісі – Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен іс-шара.
Шара барысында көпшілік қол алысып құшақтасып, ақ тілектерін жаудырса, қариялар баталарын берді. Сондай-ақ көпшілік «Дулати» халықтық студенттік жастар театрының театрландырылған қойылымын тамашалады.
Мерекелік шара өңір өнерпаздарының ән шашуымен түйінделді.

 

Тараз қаласының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.