Табысты туризм сапалы сервистен басталады

691

Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Тараз қай тұрғыдан да туризм саласын мықтап қолға алуға сұранып тұрған шаһар. Әрине, соңғы жылдары облыстағы туризм саласын тартымды ету төңірегінде талай шаруа атқарылды. Төрткүл дүние Таразды тани қоймаса да, ара-тұра шаһар көшелерінен қаланың бай тарихына бойлап, онымен жақынырақ танысуды мақсат еткен шетелдіктерді көзіміз шалады.
Жалпы, туристік кластерде бренд қалыптастырудағы әлемдік тәжірибе көрсетілетін қызметтің мінсіз болу қажеттігін айқындайды. Шындығында шетелдіктердің дені жер көріп, ел тануға көп қаражат жұмсай қоймайды. Аз ақшамен аңсары ауған өңірге табан тіреген туристердің көбі хостелдер мен каучсерферлердің көмегіне жүгінеді. Осы орайда, біз облыс орталығында аталған қызмет түрлерін ұсынудың жай-жапсарын жан-жақты зерделеуді жөн көрдік.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан өңірдегі туризм саласындағы сервистік мекемелермен 25 528 адамға қызмет көрсетілген. Бұл мәліметтер сала бойынша көрсетілген қызметтің 19,1 пайызға артқандығын көрсетеді. Демек, Жамбыл өңірінің бай тарихы мен тамылжыған табиғаты, сан ғасырдың куәгері атанған тарихи ескерткіштері туризм нарығында сұранысқа ие бола бастаған. Ендігі кезекте жамбылдықтар үшін шартараптың сан қиырынан ағылған шетелдіктердің бабын тауып, қонақжайлылық танытуды мінсіз ұйымдастыра білу қажет.

Хостел желісін дамытуға көңіл бөлу қажет

Бүгінде облыста туристерге сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен 582 кәсіпкерлік нысан бар. Дегенмен, өңірдегі 154 қонақүй сұраныстың 17 пайызын ғана қанағаттандыруға қауқарлы. Жаңадан құрылған облыс әкімдігінің туризм басқармасы бұл мәселені реттеуде осы жыл басынан жалпы құны 5,4 миллиард теңге болатын сервистік нысандардың құрылысының қолға алынғанын атап өтті. Әрине, жаңа кәсіпкерлік нысандардың іске қосылуымен қонақүй орындарының тапшылығы мәселесі шешімін табуы мүмкін. Алайда, тапқан-таянғанын дүниетанымын кеңейтіп, дүниені кезуге жұмсайтын шетелдіктердің дені қонақүйлерден гөрі хостелдерге аялдауды құп көретінін ескермеске болмайды. Жайлы төсек-орны үшін ғана ақы талап ететін хостелдер желісі туризмді табыс көзіне айналдырған елдерде көптеп саналады. Тіпті, шет елдерде өз үйінің бірер бөлмесін хостел ретінде жабдықтап, кәсіптің осы бір түрін нәсіп ететіндердің қарасы қалың. Әрине, хостелде ұсынылатын қызмет көрсету деңгейі қонақүймен салыстыруға келмейді. Сөйте тұра туристер үшін аз-кем күн аялдай тұруда хостел қызметі мейлінше ыңғайлы және қолжетімді саналады. Соңғы жылдары еліміздегі халықаралық шараларға жиі төр ұсынатын Астана, Алматы сынды алып шаһарларда хостелдер көптеп ашыла бастады. Әсіресе, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі тұсында елордадағы хостелдерге сұраныс еселеп артты. Қысқы Азия ойындарының алауы тұтанған сәтте Алатау бөктеріндегі шаһарға ағылған шетелдіктер де хостелдерді паналады. Сәйкесінше, туризм нарығындағы тың кәсіп түріне тараздық кәсіпкерлер де мойын бұра бастады. Әзірге облыс орталығында жалғыз хостел қала қонақтарының кәдесіне жарап тұр.
– Сәуір айынан бастап біздің «Taraz-Hostel» деп аталатын мекеме өз қызметіне кірісті. Тараздағы алғашқы хостелдегі 10 бөлмеде 50 төсек орны бар. Ашылғанымызға көп бола қоймаса да, біздің қызметті тұтынушылардың географиясы кеңейе түсуде. Жаз айларында хостелде арысы Жаңа Зеландия, АҚШ, Австралия, Чили, берісі Қытай, Еуропа елдерінен келген 250 турист тұрақтады. Бізде төсек орнын жалдау ақысы 3 500 теңгені құрайды. Қонақтарға арналған таңғы ас тегін ұсынылады. Сондай-ақ, тұтынушылар ас бөлмелерін тәуліктің кез келген мезгілінде пайдалана алады. Мұнда әртүрлі мемлекеттен келген туристер бір дастархан басында тамақтанып, әңгіме-дүкен құрады. Қазан айының басында Тараз қаласында ұйымдастырылатын сән апталығына келетін 50 қонақ осында орналасады, – дейді «Taraz-Hostel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дархан Ералиев. Жұмыс бабымен Таразға келіп, бір айдан бері «Taraz-Hostel»-ді мекен еткен алматылық Елдос Сәкениев те мұндағы қызметтің сапалы әрі бағасының қолжетімді екенін айтады.
– Жұмыс бабымен еліміздің әр аймағында болып тұрамыз. Бірақ, хостелге алғаш рет аялдап тұрмын. Шынын айтқанда, хостел қызметі Астана, Алматы қаласында ғана жолға қойылған деп ойлаушы едім. Алдағы уақытта осынау сервистік орындар республиканың өзге қалаларынан да ашылса жөн болар еді, – дейді ол.

Каучсерферлік – қонақжайлықтың заманауи түрі

Әлбетте, мейлінше үнемді шетелдік туристер үшін хостелдер таптырмас орын. Дегенмен, соқыр тиынына дейін орынды жұмсайтындар саяхат кезінде тіпті, жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығына иек артады екен. Кәсіби туристердің тілінде «каучсерфер» аталатын қызмет түрінің пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Каучсерфингтің кең қанат жаюына couchsurfing.com сайты ықпал етті. Әлемнің кез келген қаласында туристерді құшақ жая қарсы алып, оларға құрақ ұша қызмет етуге құлықты азаматтар осы сайтқа көптеп тіркелді. Ал, туристер осы сайтта қалдырылған мәліметтер арқылы жергілікті каучтерге өтініш білдіреді. Олардың өтінішін құп алған каучсерферлер туристерді өз үйіне жайғастырып, қаланың көрікті жерлерімен таныстыруды мойнына алады. Бір қызығы, каучтер өз қызметі үшін ешқандай да ақыны талап етпейді. Олардың көбі шетелдік қонақтармен жақынырақ араласу тілді меңгеруге, өзге елдің күнделікті тұрмысымен танысуға мүмкіндік беретінін айтады. Қазіргі таңда әлемнің ірілі-ұсақты 200 000-ға жуық қаласында 14 миллионға жуық кауч бар. Елімізге ағылған туристерге тегін қызмет ету үшін 100 мыңнан астам отандасымыз каучсерферлікке ден қойған. Ал, Таразға келген шетелдік қонақтарға тегін жатын орын ұсынып, олардың кәдесіне жарауға 400-ге жуық жерлесіміз ниет білдірген. Солардың бірі – соңғы үш жылдан бері кауч қызметін көрсететін тараздық Ілияс Отан.
– Каучсерфинг қызметіне шетелдік туристер жиі жүгінеді. Олар өздері баратын қаламен жақынырақ танысу үшін жергілікті тұрғындардың көмегіне жүгінуді жөн санайды. Өзім кауч ретінде алғаш рет 2015 жылы Канададан келген туристерді күтіп алдым. Одан кейін де әлемнің әр аймағынан Әулиеатаға ағылған шетелдіктерге қызмет еттім. Жалпы, каучсерфер ретінде туристердің соңғы жылдары Жібек жолы бойындағы қалаларға сапарлауға көңіл бөле бастағандығын аңғардым. Әрине, кауч өз қонақжайлығы үшін ақы талап етпейді. Дегенмен, кейде біздің қызметтің өтемі ретінде қонақтар қызықты ұсыныстар білдіріп жатады. Жақында Таразға келген венгерліктер маған өздерінің ұлттық тағамдарын әзірлеп берді. Негізінен качусерфингтің басты мақсаты – халықаралық мәдени байланыс болып табылады. Өзім де ара-тұра каучтердің қызметін тұтынып тұрамын. Әсіресе, еліміздің өзге аймақтарына сапарлағанда каучсерферлерге өтініш жасап, еліміздегі сервистік қызмет көрсетудегі осы бағыттың даму деңгейін саралап отырамын, – дейді Ілияс.

Дамыған елдерде туризм экономиканы өрге сүйрейтін салаға айналған. Сәйкесінше, қазына қаржысының қомақты бөлігі туристік әлеуетті арттыруға жұмсалатыны белгілі. Елімізде де соңғы жылдары бұл салада серпіліс байқалады. Туристік нысандардың инфрақұрылымдарын жетілдіруге көңіл бөліне бастады. Туристерге көрсетілетін қызметті мінсіз ету де басты талапқа айналды. Бұл орайда, хостелдер желісін дамытып, туристерге арзан әрі сапалы қызмет ұсыну, азаматтардың белсенділігі арқылы каучсерферлікке қозғау салуды ұмыт қалдыруға болмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.