Т. Рысқұлов ауданында 1 221 шаруа қожалығы жұмыс істеуде

621

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатына Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаев қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын баяндады. Асқар Санатұлының айтуынша, биыл ауданда жалпы шығарылған өнім көлемі 47 миллиард 306,8 миллион теңге болады деп күтілуде. Өнім өндіру көлемінің құрамында өнеркәсіп саласының үлесі есепті кезеңде 15,7 пайыз болса, оны жыл аяғына дейін 25,7 пайызға жеткізу, ал, ауыл шаруашылығы өнімін 58,9 пайызға, тауарларды, қызметтерді өткізу көлемін 6,4 пайыздан 10,1 пайызға арттыру көзделіпті.
– Аудан бойынша 1 мың 401 шаруа қожалық тіркелсе, оның 1 мың 221-і нақты жұмыс істеп тұр. Шаруасы шатқаяқтаған қалған шаруашылықтардың ісін ірілендіру арқылы жандандырмақшымыз. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында құны 26 698,3 миллион теңгенің өнімін өндіре отырып, физикалық индекс көлемін 102,7 пайызға жеткізу күтілуде. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында егіс алқаптарының көлемін арттыру, өнім түсімін жоғарылату арқылы жалпы өнім көлемін ұлғайту тұрғысындағы индикаторларға қол жеткізуге барынша күш салынуда.
Өңірдегі 143 623 гектар егістік алқаптың 3 455 гектары ғана суармалы алқап. Оның ішінде масақты дақылдар көлемі 86 666 гектар, майлы дақылдар – 16 915, қант қызылшасы – 500, көкөніс, бақша, картоп өнімдері – 1 000, көпжылдық шөп – 9 720 гектар. Бұдан бөлек, қосымша 30 520 гектар парға қалдырылмақшы. Негізінен,биыл егін шаруашылығы бойынша дақыл егуде алқаптарды 2 мың 680 гектарға ұлғайту міндеті қойылған болатын. Сондықтан, осы үдеден шығу үшін және өнім түсімін молайту мақсатында Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ғалымдарымен тығыз байланыс орнатудамыз, – дейді Асқар Санатұлы.
Жиын барысында А.Қырықбаев кәсіпкерлік және өнеркәсіп, денсаулық, білім беру, мәдениет, спорт, құрылыс, әлеуметтік қорғау және тағы да басқа салаларда атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.