Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

1 380

«Сыбайлас жемқорлық» ұғымының өзі ұзақ уақыт бойы экономистер, саясаттанушылар, социологтар және басқа да қоғамтанушылардың қызу пікірталасының өзегіне айналды. Сыбайлас жемқорлық әлемнің барлық елдерінде бар мәселе, бірақ әр мемлекет мұнымен күрес жолдарын әр түрлі қолданады.

Дерек көздеріне сүйенсек, мәселен, Германия мен Францияда сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандар 6 жылдан 10 жылға дейін сотталуы немесе пара сомасынан екі есе көп айыппұл төлеуі мүмкін. АҚШ-та осындай қылмыс үшін жазалау мерзімі – 5 жыл бас бостандығынан айырады немесе 10 мың долларға дейін айыппұл төлейді. Жапонияда жемқорлықтың жазасы жеті жыл түрмеге тоғыту. Ең қатал жаза Қытай елінде қолданылатын көрінеді, онда сыбайластыққа жол бергендер өмір бойына сотталады немесе өлім жазасын алады екен. Ал, Оңтүстік Кореяда сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық туралы хабарлаған адамға анықталған сомадан пайыздық ақы төленеді.

Біздің елімізде де қоғамды жайлаған дерт – сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жолға қойылған. 1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тоқсауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу алға қойып отырған  басты міндеттеріміздің бірі болып табылады.

Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық сияқты   қоғамдағы  келеңсіз жаман  әдеттің  жолын  кесіп, жоюға  бағытталған  көптеген  іс-шаралар  қолға  алынып, жүзеге  асырылып  жатыр. Біз  өз  елімізде  сыбайлас  жемқорлыққа  байланысты  көптеген  іс-шараларды  жолға  қоя  отырып, қоғамға  кесірін  тигізіп  отырған  бұл кеселдің  орын  алуына  жол  бермейміз.

Сыбайлас  жемқорлық  мемлекетіміздің беделін  түсіреді, мемлекеттің  қауіпсіздігіне  нұқсан  келтіреді, құқықтық  мемлекет  құру  қағидаларын  бұзады. Елбасымыз да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде көрсеткен болатын. «Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз» деген еді Елбасы өз сөзінде.

Алға тартқан бұл міндет жергілікті жерлердегі құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдар жұмысының темірқазығына айналып отыр. Десек те,  жегі құртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары да уақыт өткен сайын көбейе түсіп отырғаны өкінішті. Сондықтан, осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы болуға тиіс. Қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз керек әрі оны еліміздің барлық азаматтарының азаматтық борышы деп түсінуіміз қажет.

Е. Набатов,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті

ЖД-158/2 мекемесінің бөлім басшысы,

әділет капитаны

Leave A Reply

Your email address will not be published.