Сөздің сынын қашыратын да, асыратын да тіл

369

Тіл туралы айтып, тілдің иі қанғалы қашан? Бұл мәселе қоғамда да жиі талқыға түседі. Біреулер тек ғана мемлекеттік тілде сөйлеу керек десе, енді біреулер кім қай тілде сөйлегеніне шүйлікпеуге үгіттейді. Міне, осындай керағар пікірлерді естіп, шұбар тілді адамдарды айтпағанда «Таза қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың өзі қазақи сөздің қаймағын қалқып сөйлей алып жүр ме?» деген ойға қаласыз.

Кейде ата-бабаларымыз қолданған сөздер біздің бүгінгі тіл қолданысымыздан шығып бара жатқаны қынжылтады. Тіпті Абайдың шығармаларын әлем таныса екен деп жатамыз. Кейде Абайды «оқыдым» деп те күпініп сөйлеп қалатынымыз бар. Жарайды. Оқыдық делік, алайда сол Абайды оқу басқа да түсіну басқа ғой. Тіл мамандары біздің қолданыстағы сөздеріміздің өзін заңдылығын сақтамағанымызға кейиді. Оның бір себебі орыс тілінен қазақшаға аударғанда көп сөздер тіке мағанасында жазылуынан болса, кейде жастар ауызекі тілде сөйлегенде: «Бірдеңемен бас қатырып жатырмын» дейді, асылында бұл сөздің дұрысы «бірдеңеге бас қатыру» болып жазылып, айтылуы тиіс. Содан кейін сан есім, немесе сөздерді сандық тұрғыда қолданғанда да көп жағдайда «екеулері», «үшеулері» деп қолданып айтып жүргендер көп. Шын мәнінде бұл тек ғана «екеуі», «үшеуі» деп қана айтылуы керек. Ал кейде журналистердің өзі жедел хабар таратуда «бірнеше уақыттан кейін» немесе «бірнеше уақыт өткеннен кейін» деп қолданып жатады. Алайда уақыт – бірнеше деп санауға келмейтін зат есім. Ал енді «сұрағымды қояйын», немесе «сұрағыңды қой» деп айтуда қате қолданыста жүрген сөз. Себебі «сұрақ қою» ол тәуелденбейді, септелмейді, арасына сөз түспейді. «Өмірді қалай сүріп жатырсыздар?» деп сұрақ қоятындар да бар. Мұнда «өмір сүру» деген күрделі етістікті бөлуге, сыңарларының арасына сөз жіберуге «өмір» сөзін септеуге, тәуелдеуге болмайды. Міне бұл біздің ауызекі сөзіміздің өзіне мән бермеуіміздің салдарынан шығып отырған мәселе.

Қазақ тілінің ахуалы біздің елдің күн тәртібінен түскен емес. Оны дамыту бойынша қатаң заң болмаса да, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ…», деп қазіргі кездегі қазақ тілінің жай-күйі туралы өз ойын ашық білдірді. Мұнымен келісуге болады. Бірақ мені алаңдатын дүние – қазақ тілінің дамуындағы заманауи тенденциялар. Бұл не? Тілімізде әр түрлі өзгерістер байқалады. Бұл өзгерістер ана тілінде сөйлейтіндермен байланысты. Мәселен, үндестік заңдылығы сақталмайды, тіліміздің лексиконында ағылшын мен орыс тіліндегі жаңа сөздердің көп қолданылуы (мәселен, респект, шопинг, лук, бренд), қазақтың байырғы сөздері пассивті қолданыста, сондай-ақ қазақ тілінде сөйлеу мен жазу сауаттылығының сапасы сын көтермей тұр. Қазір ақпарат көзі – әлеуметтік желілер, сайттар, порталдар. Ондағы қателерден алғашқы уақытта көз шалынса, қазір біртіндеп үйренісудеміз. Осындай материалдардың сауаттылығымен ашық түрде мәдени күресіп жүрген, мен білетін, бір ғана жан бар, ол – Қайнар Олжай. Міне, осындай тіл жанашырлары халық арасында көп болуы керек. Қазақ тілін жай ғана үйренбеу керек, ендігі талап, оның заңдылығы мен әуезділігін сақтай отырып, сауатты меңгеруі қажет деп ойлаймын, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Балмира Мырзабай.

Ал Абай өлеңіне назар аударсақ «…бірі көйтке таласып, бірі арам қып. Төбелескен, дауласқан, жанжал-керіс», деген жолдар кездеседі. Осындағы көйт сөзінің мағынасын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ал оның мағынасы асық ойынына қарыз алу. Ұтылып қалса асық ойнау заңдылығы бойынша көйт ойыннан шығарылады. Міне осы сияқты көптеген сөздерімізді ұмытып бара жатырмыз. Білмегенімізбен қоймай оны білуге тырыспайтынымыз да қасірет.

Ал қазіргі қолданыстан шыққан және қолданыста жүрген сөздеріміздің мән-мағынасы туралы тоқталған филология ғылымдарының кандидаты Сейсегүл Молдабекқызы: «Өмірдің дамуына, заманның ағымына қарай тілде де неше түрлі өзгешеліктер мен өзгерістер орын алып отыратыны заңдылық. Бірақ біздің негізгі мақсатымыз ұлттық салт-санадан айырылып қалмау болса, сол әдет-ғұрпымыздың қаншалықты сақталғанын, мәдениетіміздің қаншалықты өсіп, өркендегенін көрсететін құралдың бірі – тіл. Біз сол тілімізді қоғамға қызмет ететін дағдыға айналдыруымыз керек. Мысалы, қазіргі таңда қолданыста жүрген «өркенің өссін» деген сөз бар қазақта. Алайда сол «өркен» деген сөздің мағынасының ботаның алғашқы тоңғағы екенін білетіндер шамалы. Тарқатып айтар болсақ, түйенің ботасы туа сала, бір жарым екі құлаштай тоңғақ тастауы тиіс. Егер ол тоңғақтамаса өледі. Демек жаңағы біздің «өркенің өссін» деген сөзіміздің түпкі мәні өмірге келген бота сияқты тез шира деген мағынаны білдірсе керек. Сонымен қатар біздің халық қауын-қарбыздың да бір-бірімен жалғасып өскенін де өркен деп атаған. Міне осындай қолданыста жүрген сөздеріміздің не мағына беретінін кейінгі ұрпақ біліп өссе, ол шын мәнінде біздің «рухани жаңғырғанымыз» болар еді, – дейді.

«Бүгінгі жастар кітап оқымайды» дегенді де жиі айтамыз. Ал олардың көбі кітап алып оқығысы келгенмен оның ішіндегі кейбір күрделі сөздерді түсінбегендіктен, оның мағынасын сөздіктен іздеп жүрмейтін көрінеді. Сол себепті жастарда, «кітап оқығанмен түсініксіз» деген идея қалыптасып үлгерген. Ал біз жастарға кітаптардың ішіндегі кейбір сөздер түсініксіз болмау үшін оларға кішкене күнінен бастап, бір өлең жаттатқызып, бір сөйлем оқытсақ та сөздердің мағынасын айтып үйретуіміз керек дейді педагогтар.

Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңінде, «…Махаббат, ғадауатпен майдандасқан…» деген жері бар. Сондағы ғадауат деген сөздің мағынасын көп жастар түсіне бермейді. Ал ол арабшадан аударғанда дұшпандық, ашу, жеккөру деген мағына береді. Міне осы сияқты атауларды жас ұрпақтың санасына сіңірмей жатып Абайды оқытамыз, әлемге танытамыз деп жүргеніміз де құры желік сөз болып қала бермек, сондықтан біз Абайды толық танимыз десек, әуелі оның өлеңдеріндегі сөздердің мағынасын тани алуымыз керек. Ол үшін Абайды жүйелі түрде оқыту маңызды. Мектеп бағдарламасында арнайы «Абайтану» пәні деген сабақ өтуі керек. Бұл сабақ бұған дейін де болған. Бірақ бүгінгі таңда кей мектептерде сабақ ретінде оқытылудан қысқарып қалып жатыр. Біз сол сабақтың қысқартылмауын, қайта оның қолданылу аясын оқыту бағдарламаларына қосып кеңейткенімізде ғана біз Абайды толыққанды тани аламыз һәм Абай айтқан толық адам бола аламыз, – дейді Абайтанушы ғалым Әлімбай Найзабаев.

Міне, біздің тіліміздің байлығы сөзбен өлшенеді қашанда. Сондықтан сөзді дұрыс пайдаланып, көнерген, ескі сөздердің мағынасын біле жүру әр қазақ баласының парызы. Ал қазақ көздің қиығын «мезе» деп атағанын, беттің томпағын «жанақ» деп атағанын, құлақтың ішкі жағын «тағай» деп атағанын біреу білсе біреу білмейді. Біздің тіпті сөз сөйлеу мәдениетіміз де өте төмендеп кеткен. Астарлап айту қалды. Жастарымыз да түйеден түскендей тіке сөйлеп қарап тұрады. Сондықтан тілді түзеу үшін ең әуелі сөзді, оны орнымен дұрыс айтып, жөнімен қолдана алуды біліуіміз ләзім.

Шапағат ӘБДІР

Leave A Reply

Your email address will not be published.