Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу өңірі қай қырынан қарасаң да экономикалық және әлеуметтік дамуға қолайлы мекен. Бұны басты назарға алған жергілікті билік те жыл өткен сайын өңірдің еңсесін тіктеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бар күшін салуда. Мұндағы ауқымды жобалар мен баянды бастамалар да жеміссіз емес. Әсіресе, құрылыс саласында қарқынды жұмыстар жүйесін тауып, халықты тұрғын үймен қамтудан бастап, түрлі нысандар бой көтеруде. Әрине, бұл ең бірінші бұқара үшін жасалып жатқан баянды бастамалар.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың әл-ауқатының өсуі мен тұрмысының жақсаруына айрықша басымдық берді. Жолдау жүктеген бұл міндет бүгінде аудандарда ауқымды іске асуда. Соның бір көрінісін құрылыс саласынан көруге болады. Нақтырақ айтсақ, биыл Шу өңірінде халықты баспанамен қамтуға кеңінен көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шу қаласы «Жетісу» тұрғын алқабынан 75 пәтерлік 5 қабатты 4 үйді қайта қалпына келтіру жобасы жанданды. «Ник-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған құрылыс өткен жылы басталып, бастапқыда 100 миллион теңге игерілген. Ал, биылға бөлінген 295 миллион 140 мың теңге толықтай тетігін тауып, 1 көпқабатты үй ел игілігіне беріліп отыр. Кеңестік кезеңде «Әскери қалашық» атанған ықшамауданда қазір тұрғындар қоныс тойын тойлауда. Жалпы, мұндағы төрт үйді қайта қалпына келтіру жобасының сметалық құны – 415 миллион 170 мың 185 теңге. Сондықтан келер жылы шулықтар тағы қоныс тойын тойлайтыны анық.
Ағымдағы жылы халыққа есігін айқара ашқан нысанның бірі — Шоқпар ауылындағы мәдениет үйі. Жобалық құны 214 миллион 465 мың теңгені құраған ғимараттың құрылысын «Шағын-Ойл-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы қолға алған. Серіктестік қаралған қаржыны толықтай игеріп, шоқпарлықтарға теңдессіз тарту жасап отыр. Қазір ауыл тұрғындары жаңа мәдениет үйінде түрлі шараларын өткізіп, ғимараттың құрылысына ұйытқы болған билікке алғыстарын айтуда.
Шу ауданында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Берік Жылқыбаевтың айтуынша, жыл аяғына дейін Д.Қонаев ауылының тұрғындары орталықтандырылған таза ауызсуға қол жеткізеді екен.
– Жалпы, аталмыш елді мекендегі су жүйелерінің жаңғырту жұмыстары 2016 жылы қолға алынған болатын. Мердігер «СК-АВС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2016 жылдың желтоқсан айында
2 миллион теңгені игеріп, былтырғы жылға қаралған 229 миллион 254 мың теңгені де мақсатты жұмсады. Осылайша екі жылдан бері өтпелі нысан ретінде келе жатқан құрылысты серіктестік биыл аяқтаймыз деп отыр. Қазір 2018 жылға бөлінген 555 миллион 44 мың теңге толығымен игерілуде. Бұйыртса, қараша айының аяғына қарай Д.Қонаев ауылының тұрғындары таза ауызсуды тұтынатын болады. Осылайша біз кезең-кезеңімен халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтудамыз, – дейді Б.Жылқыбаев.
Ауданда құрылысы жүріп жатқан нысанның тағы бірі – Тоғай ықшамауданындағы 300 оқушыға арналған орта мектеп. Республикалық және аудандық бюджеттен қаржыландырылып отырған нысанның құрылысын «Құрылыс ТЭД» ЖШС жүргізуде. Мердігер биыл републикалық қазынадан қаралған 400 миллион теңге мен жергілікті бюджеттен бөлінген 44 миллион 444 мың теңгені игеруде. Мамыр-қазан айларындағы құрылыс жұмыстарының қорытындысына сүйенсек, ағымдағы жылдың жоспары межелі көрсеткішті діттеп отыр. Нысан келер жылға өтпелі.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі алдағы жылға айқындалған жобалар туралы да ақпар берді. Атап айтсақ, 2019 жылы Далақайнар ауылындағы Т.Әшімбеков атындағы орта мектептің жапсарлас спорт залы, мәжіліс залы және асханасы жөндеуден өтеді деп күтілуде. Жобалық құны 342 миллион 266 мың теңгені құраған нысандардың сметалық құжаттамасы «Лидер ПроектДизайн» ЖШС арқылы дайындалып, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына жолданып отыр. Бюджеттік өтінім қолдау тапса, құрылыс жұмыстары келер жылы жанданады.
Абай ауылының су жүйесі мен су шығару ғимараттарының құрылысына қатысты сараптама қорытындысы да биыл шығып қойған. Сметалық құны 749 миллион 350 мың теңгені құрап отырған жобаға республикалық қазынадан 180 миллион теңге қаралып отыр. Қалған қаржыға өтінім облыстық бюджетке берілуде. Және жергілікті билік «Интеллект Азия» ЖШС-мен келісімшарт жасасып, қазір құрылыстың бірінші кезеңін бастауға дайын.
Шу қаласы «Оңтүстік батыс» тұрғын аумағындағы көшелердің жаңарту жұмыстары да бюджеттік өтінімге жолданған. Қазіргі құрылысқа қажетті 710 миллион 297 мың теңгенің сметасы дайындалып, құрылыс басқармасының қарауында жатыр. Одан бөлек, дәл осы «Оңтүстік батыс» тұрғын алқабындағы 258,7 гектар жерге электр жарығын жүргізу жобасы да дайын. Сараптама қорытындысы бойынша мұндағы жұмыстарға 507 миллион 40 мың теңге қажет. Алайда, бұл жобаға республикалық бюджеттен қаражат қаралмақ.
Төле би ауылындағы «Батыс» тұрғын аумағында да алдағы уақытта ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Атап айтсақ, қазір мұндағы 147,73 гектар алқапқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жұмыстары нақтылануда. Сараптама қорытындысы бойынша қажетті қаражат облыстық бюджеттің өтінімінде жатыр.
Алға ауылындағы «Оңтүстік» тұрғын алқабы да инфрақұрылым тарту жұмыстарын қажет етуде. Осыған орай, 25 гектар аумаққа түрлі инженерлік-коммуникациялық тірліктерді тіктеу үшін аймақ қазынасына алдын-ала өтінім берілген.
Тағы бір айта кететін дүние, биыл Ақтөбе және Оразалы батыр ауылдарының су жүйелері мен су шығару ғимараттарының құрылысына қажетті қаржыға өтінім жолданған. Одан бөлек, Шу қаласындағы «Қайрат» стадионын күрделі жөндеуден өткізу үшін 3 миллион 248 мың теңгеге сметалық құжаттар дайындалып отыр. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында жоба өтінімі облыстық бюджетке жолданатын болады.
Жалпы, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Берік Жылқыбаевтың сөзіне сүйенсек, аймақта келер жылға жоспарланған мұндай жобалар аз емес екен.
– Алдағы жылы Бірлікүстем ауылындағы 300 балаға арналған Домалақ Ене орта мектебінің құрылысы басталады. Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үшін жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді.
Дәл сондай Алға ауылындағы 300 орындықты Амангелді орта мектебінің де құрылысы келер жылы қолға алынады деп күтілуде.
Шоқпар ауылындағы учаскелік полиция қызметкері тұратын үй және полиция бөлімшесінің тірек пунктін салу үшін де мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланды. Нәтижесінде жобаны «Шу Строй Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алып, сметалық құжаттар тізбесін әзірлеп отыр. Және осы мердігер Шоқпар ауылының әкімшілік ғимаратын жаңғырту жұмыстарының да жобалық құнын дайындауда.
Ал, Төле би ауылындағы Салтанат сарайының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға 8 миллион теңге қаралды. «Тараз-Технопроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жұмыстарды келер жылдың қаңтар айында аяқтауды көздеп отыр. Міне, осылайша 2019 жылы ауданның құрылыс саласында бағдарлы бастамалар қолға алынғалы тұр. Бұл аймақтың экономикалық әлеуетін арттыра түсетіні айқын, – дейді Б.Жылқыбаев.
Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданы биыл Шу қаласы мен Төле би ауылының бас жоспарына өзгерістер мен толықтыру енгізу жұмыстарын да бастаған. Бұл тұрғыда Шу қаласына 10 миллион, Төле би ауылына 5 миллион теңге бөлініп, мердігерді анықтау үшін конкурс жариялануда.
Одан бөлек, қыркүйек айында жалпы аумағы 18 512 шаршы метрді құрайтын 149 жекеменшік үй пайдалануға қабылданған. Оның ішінде ауылдық округтерден аумағы 10 022 шаршы метрді құрайтын 86 үй ел игілігіне беріліп отыр.
Иә, осылайша Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев құрылысқа айрықша қарқын беруде. Әрине, бұл қарапайым халықтың қамы үшін жасалып жатқан құтты дүниелер екені анық. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, шулықтар келер жылы да тың жобаларымен көпшілікті таңғалдырмақ.
Дамудың даңғыл жолына түскен ауданның әр бастамасына біз де тек табыс тілейміз.