Шу ауданындағы ІТ-сынып – көпке үлгі

978

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» жобасын одан әрі дамытып, орта білім беру мекемелерінің оқу жүйесіне жаңа технологияларды енгізуді тапсырғаны белгілі. Десе де, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен бұл бағыттағы жұмыстар өңірде жыл басынан бері жанданып, бүгінде өз жемісін беруде. Атап айтсақ, қазір облыс орталығынан бөлек, әр ауданда ІТ-сыныптары ашылып, ел болашағы саналатын жастар үшін қызмет етуде. Сондай заманауи сыныптың бірі аймақта алғаш болып Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейінде іске қосылған.

Жалпы, ағымдағы жылдың мамыр айында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бекіткен желілік кестеге сәйкес, жыл соңына дейін облыста 12 ІТ-сынып ашу жоспарланған болатын. Соның бірі Шу өңірінде қолға алынып отыр. Жібек жолы мектеп-лицейінің директоры А.Жаңғарашеваның айтуынша, ІТ-сынып бір мезетте 10 оқушыға қызмет көрсететін заманауи құрал-жабдықтармен және компьютерлермен қамтамасыз етіліпті. Сонымен бірге, мұнда озық технологиялардың тілін түсіндіретін ескертпе стендтер, робототехника және 3D модельдеу үстелдері де қойылған. Шудағы ІТ-сыныптың өзге аудандардан артықшылығы, мұнда виртуалды көзілдіріктер де оқу процесіне енгізілген.
Қазір ІТ-сыныпта 8 бен 16 жас аралығындағы мектеп оқушы­лары 3 модульден тұратын оқу бағ­дар­ламасымен білімін шыңдауда. Оның алғашқы модулінде білімгерлер «Скрейтч», «Питон», «Си++», «Жава» бағдарламаларын меңгерсе, екінші модульде «Лего» және «Арудинно» робототехникаларын игеріп шығады. Ал, үшінші модулінде 3D модельдеумен шұғылданып, «Аутодеск», «Скетч ап» және «Солидоркс» бағдарламаларын үйренеді. Сонымен бірге, мұндағы оқыту жұмыстары америкалық «STEM» әдісі бойынша жүргізіледі. Инновациялық технологияны игеруге икемі бар мұндағы жастар сандық ақпараттық білімдерін жетілдіре түседі. Робот техникасын, логика мен модельдеудің алуан түрін түсініп, практикада қолданады. Оған қоса, жаңа бағдарламаның көмегімен 3D нысандар мен виртуалды қалаларды құрастыруға мүмкіндік алады. Өз кезегінде, оқушылар бағдарлама жасау барысында міндетті түрде математика, информатика, физика және геометрия пәндерінің эле­мент­­терін пайдалануы тиіс. Ал, тәрбие­ленушілерге бірінші санатты және жоғары деңгейлі курстан өтіп келген информатика пәнінің мұғалімі мен 9 айлық ағылшын курсынан білімін шыңдаған оқытушылар дәріс беруде.
Бұдан бөлек, Шу ауданындағы М.Әуезов атындағы шағын орталық­та да робототехника кабинеті жұмысын бастаған. Жалпы орта білім беретін мектептерде «Робототехника» үйірмелері мен элективті курстарды ашу үшін биыл аудандық қазынадан 6 миллион 474 мың теңге бөлініп, 33 дана «Лего» роботы сатып алынған. Оған қоса, аудан әкімдігінің білім бөлімі ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен аймақтағы мектептерде жаңаша бағытта түрлендірілген физика, химия, биология кабинеттері және лингафонды мультимедилық бөлмелер мен робототехника кабинеттерін жасақтауды қолға алған. Соның нәтижесінде қазір тек М.Әуезов атындағы шағын орталықта ғана емес, сонымен бірге Шу қаласындағы С.Сейфуллин мен А.Макаренко және аудан орталығындағы М.Мақатаев атындағы мектептерде де робото­тех­ника сыныптары ашылуда. Аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Дархан Тәттібековтің сөзіне сүйенсек, аймақтағы 4 мектепте ашылған робототехника сыныптары 10 базалық және 10 ресурстық «Лего» роботы мен 20 оқушыға арналған барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтыл­ған екен. Сондай-ақ, мұнда облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен арнайы робототехника курстарын тәмамдаған 34 мұғалім сабақ беруде.
Негізі, болашақта осы қолда бар робототехника сыныптарын жетілдіре келе, құрылыс, өнеркәсіп, авиация және ғарыш салаларында түрлі жобаларды жандандыруға болады. Мұндағы ең күрделісі роботтарды құрастыру және оларға қажетті бағдарламаларды енгізу екені айқын. Алайда, шулық жасөспірімдер қазірдің өзінде түрлі роботтарды құрастырып, талайды таңғалдыруда.
Әрине, бәсекелестік жоқ жерде ілгерілеушілік те болмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан, алғашқы қадамын жасап келе жатқан робототехника саласын одан әрі дамыту мақсатында түрлі жарыстар ұйымдастырып, республикалық және халықаралық деңгейге көтеру қажет-ақ. Бұл жергілікті биліктің жіті назарында болады деп сенеміз. Және шулық жастар алдағы жылдары робототехника саласында үлкен дүмпу жасайды деп үміттенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.