Шу ауданында күн электр станциясы салынады
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу өңірі қай кезде де тың бастамаларымен танылған өлке. Аталмыш ауданда бүгінде асыраушы саладан бастап, өзге бағыттағы жұмыстар да жүйесін тапқан. Әсіресе, құрылыс саласы қарқын алып, инвестиция ел игілігіне лек-легімен құйылуда.
Жалпы, Шу ауданында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының құрылысы жүріп жатқанына біраз жыл болған-ды. Қазір аталмыш аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстарының дені аяқталып, төрт қатысушының жобасы жүзеге асуда. Олардың жемісін жұртшылық алдағы жылдары көретін болады. Десе де, шулықтар бұл бастамамен шектеліп қалмай, елді мекенге инвестиция тартудың түрлі жолдарын қарастыруда. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, биылдың өзінде бірнеше алып жобалар бастау алған екен.
– «Тараз химиялық паркінде» негізгі инвестициялық жобалар аяқталуға жақындағаннан кейін, биыл көрсеткішіміз сәл төмендеп қалды. Себебі, былтырғы жылдағыдай миллиардтаған қаржы құйылып жатқан жоқ. Бұл заңды құбылыс. Өйткені, біз арнайы экономикалық аймаққа қаралған негізгі қаржының тетігін тауып, жүйелі жұмсадық. Енді аудан экономикасын тағы алға ілгерілету үшін бізге басқа жобаларды қолға алу қажет. Міне, осы мақсатта биыл Абай ауылынан елімізде баламасы жоқ күн электр станциясының құрылысын бастадық. Осыған дейін, Жуалы ауданында 50 МВт күн электр станциясы салынса, біздегі электр станцияның қуаттылығы 130 МВт-қа дейін жетеді. Жобаның сметалық құны 44 миллиард теңгені құрайды. Жалпы аумағы 300 гектар жерді алып жатыр. Жобаға жауапты «Intan Greid» компаниясы құрылыс жұмыстарын үш кезеңге бөліп отыр. Бірінші кезең бойынша қазір станция орнын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатса, келер жылы монтаждау басталады. Ал, үшінші кезең сол жылдың желтоқсан айында аяқталады. Осылайша, елімізде бұрын-соңды болмаған алып күн электр станциясы 2019 жылы іске қосылғалы тұр. Бұл аудан тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашатыны айқын, – дейді аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы.
Шудағы тағы бір жағымды жаңалық, сметалық құны 1,5 миллиард теңгені құраған бетон зауытының құрылысы 99 пайызға аяқталған. Алайда, бетон материалына негізінен жаз мезгілінде сұраныс артатындықтан, қазір өндіріс орны жұмысын бастамай отыр. Десе де, келер жылы аталмыш зауыт құрылыс саласына ерекше қарқын беретіні даусыз.
Өңірде бірнеше жылдан бері қызылша шаруашылығының да мықтап қолға алынып келе жатқаны белгілі. Алайда, биыл шулық шаруалар тәтті түбірді 600 гектар жерге еккенімен, оны өткеруде едәуір қиындықтарға тап болған. Мысалы, өнімді Меркі қант зауытына тасымалдау құны көлік басына 130 мың теңгені құраған. Оған басты себеп, тас жолдың нашарлығы. Аталған қаржыны қожалықтардың денінің қалтасы көтермегендіктен, шаруалардың жинаған өнімін мал азығына пайдаланып жатқан көрінеді.
– Т.Рысқұлов ауданының шаруалары биыл Меркі қант зауытына тәтті түбірді көлік басына 35 мың теңгеден тасымалдады. Ал, біздегі тасымалдаушылар жолдың нашарлығына байланысты бағаны 130 мың теңгеге дейін қымбаттатып жіберді. Тасымалдау құны Үкімет тарапынан төленбейтіндіктен, шаруалардың дені қант зауытына қызылша өткізуден бас тартып, өнімін малға беруде. Осылайша, биыл үлкен қиындыққа тап болдық. Негізі Шу ауданында қызылша шаруашылығын дамыту үшін өзімізге жеке-дара зауыт қажет. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл Чехословакия елінің кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, жаңа қант зауыты құрылысының жобасын қолға алдық. Шетелдіктер өндіріс орнының 80 пайызын қаржыландырамыз деп отыр. Құрылыс жұмыстары 9 айды қамтымақ. Ал, зауыт қуатты күшіне енгенде тәулігіне 200-300 тонна қант қызылшасын өңдейтін болады.
Одан бөлек, «Асыл жер» компаниясы жылдық қуаттылығы 300 мың тоннаға жететін қант зауытын салуға ниет білдіруде. Олар сұраған 10 мың гектар жердің қазір 2000 гектарын бердік. Компания соның 400 гектарына қант қызылшасын егуді жоспарлап отыр. Инвестор шулық шаруалардың тәтті түбірі жетпей қалатын болса, шикізаттан тапшылық көрмес үшін осындай қадамға баруда. Дегенмен, егер осы екі өндіріс орны іске қосылатын болса, ауданның диқаншылары қызылша шаруашылығына мықтап кірісетініне бек сенімдімін, – дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, биыл Мойынқұм ауданындағы «Агрофирма Түрікпен» ЖШС Шу ауданынан жер сұраған екен. Серіктестік қожалығын кеңейту үшін 4,5 миллиард инвестиция құюға дайын көрінеді. Үстіміздегі жылы Шу ауданының әкімдігі мұндай ұтымды ұсынысты жан-жақты зерделеп, жер беруге келісіпті. Енді «Агрофирма Түрікпен»-нің қалмақ тұқымдас сиырлары Шу өңірінде де жайылады деп күтілуде.
Ауданда осы таңға дейін жарық желісі үлкен мәселенің біріне айналып келгенін мұндағылар жасырмайды. Себебі, қыс келсе болды, қысымды көтере алмаған электр станциялары істен шығып, шулықтардың қараңғылықта өткізетін түндері көп болған. Бұған аудан әкімдігі 2015 жылы 500 миллион теңгеге қолға алынған подстанция құрылысының аяқсыз қалғанын кінәлауда. Әрине, оған қарсы айтар уәжіміз жоқ. Өйткені, «Жайсан» подстанциясының құрылысына жауапты болған мердігер жосықсыздық танытып, қазір үстінен іс қозғалуда. Ал, серіктестіктің аталмыш құрылысты қашан аяқтайтыны белгісіз болып тұр. Оған қоса, аудан әкімдігі бұл құрылыстың қайта жанданатындығынан да үміт үзген. Сол себепті, аудан басшысы Қайрат Досаевтың ұсынысымен биыл «Әскери қалашық» атанып кеткен ықшамауданнан жаңа подстанция салынуда. Келер көктемде құрылысы аяқталатын жобаға облыс әкімдігі тарапынан 160 миллион теңге бөлінген. Аталмыш нысан ел игілігіне берілген тұста, подстанция «Әскери қалашықта» биыл жаңғырудан өткен 75 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйден бөлек, шулықтарды да тұрақты жарықпен қамтитын болады. Сондай-ақ, ықшамауданнан келер жылы берілетін тағы төрт үйді де жарықтандыру осы подстанцияға жүктелген. Мұның бәріне осы бір ғана подстанцияның әлеуеті толық жетеді.
Міне, осылайша шулықтар құрылыс саласына қарқын беріп, инвестиция тартуда алдына жан салмауда. Оған дәлел, аймақ бірер жылдың бедерінде инвестиция көлемі бойынша Тараз қаласынан кейінгі екінші орынға тұрақтап келеді. Ал, биыл қолға алынып жатқан жобалар ауданды осы биігінен түсірмейді деп сенеміз.