Шаһардың шырайын кіргізу – Асқар Исабекұлының басты жоспары

749

Бүгін аймақ басшысы Асқар Мырзахметов жауапты тұлғалармен бірге облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, олардың жай-күйін көрді, – деп хабарлайды «AraiNews» ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Асқар Исабекұлы нысандарды аралауды облыс әкімдігі білім басқармасының теңгеріміндегі әкімшілік ғимаратпен танысудан бастады.

Өңір басшысы қаланы аралау кезінде бірқатар мекемелер үшін жайлы қоныс болар нысандарға да бас сұқты. Төле би даңғылының бойында орналасқан 9 қабатты ғимаратқа арнайы барған Асқар Мырзахметов аталған нысанның 8 қабатындағы 492,4 шаршы метр алаңның жағдайымен танысты. Болашақта мұнда облыс әкімдігі Дін істері басқармасы мен Дін проблемаларын зерттеу орталығы және Оңалту орталығы орналаспақ. Сонымен қатар, алдағы күндері дәл осы ғимараттың 3,5,6 қабаттарында сәулеттік бюро мекемесі өз жұмысын жалғастыратын болады.

Бұдан кейін облыс басшысы 2004 іргетасы қаланған жалпы алаңы 2200 шаршы метрді құрайтын әкімшілік ғимаратқа атбасын бұрды. Бүгінгі таңда бұл нысанда облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы орналасқан.

Асқар Исабекұлы арнайы барған келесі нысан Пушкин көшесінің бойындағы негізі 1958 жылы қаланған ғимарат болды. Қазіргі таңда мұнда жарық, су, жылу және кәріз жүйелері тұрақты жұмыс істеп тұр. Жалпы алаңы 294,4 шаршы метр.

Сонымен қатар Сәтпаев көшесінде орналасқан IT-CENTER-дегі дайындық жұмыстарының жағдайымен танысқан облыс басшысы бұл орталықта біліммен қаруланған оқушылар тобын жасақтауды бүгіннен бастап қолға алуды және өңірдегі цифрландыру саласын дамытуға қомақты қаржы төленетін шетелдік ұстаздардың орнына жергілікті мұғалімдерді тартуды қадап айтты. Өңір басшысы сондай-ақ колледж жұмысын жандандыруға ниетті жастарға жергілікті билік тарапынан барлық жағдай жасалатынын тілге тиек етті.

Сапар соңында Асқар Мырзахметов «Зербұлақ» жасанды көлінің маңындағы демалыс орталығының құрылыс барысымен танысып, жауапты басшыларға нысанның құрылысын қаланың бас жоспарына сәйкестендіруді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.