Семейде шырша құру кезінде құлаған мұғалімнің оқиғасынан кейін лауазымды тұлғалар жазаланды.
Абай облыстық Білім басқармасының Massaget.kz-ке берген жауабына сүйенсек, тексеріс нәтижесінде Семей қаласының үш мектебінен мұғалімдер жаңа жылдық шыршаны безендіру жұмысына тартылғаны анықталған. Солардың бірі №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған.
«Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша үш мектеп директорына қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды. Болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін білім беру ұйымдарына заң талаптарын қатаң сақтау туралы тапсырма беріліп, бақылау күшейтіледі. Бұл мәселе ерекше бақылауда», — деп жазылған ведомствоның жауабында.
Айта кетейік, бұл жағдай «Педагог мәртебесі туралы» заңына қайшы, өйткені мұғалімдерді өз міндеттерінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынған.
Оқиға қалай болды?
21 желтоқсанда Семей қаласында Қуат Айтқалиев есімді мұғалім биіктен құлаған. Бұл жағдай туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Шенеунік бұл әрекетті «заңбұзушылық» деп атап, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Кейінірек Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұғалім жансақтау бөлімінде емес, палатада жатқанын, жағдайы тұрақты екенін айтты.
Фото: depositphotos.com