САРЫСУДА ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

121
Тұрар Мысықбаев ағамыздың есімі елге етене таныс. Спорт және денсаулық сақтау саласының ардагері болған Тұрар Мысықбаев өмірінің соңына дейін спортпен айналыса жүріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді. Көптеген ұзақ қашықтыққа жүгіретін марафон жарыстарының жеңімпазы болды. Тұрар ағаның Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына Жаңатас қаласынан Таразға дейін 180 шақырымнан аса жолмен жүгіріп барғандығын аудан жұртшылығы әлі күнге дейін айтып отырады.
Бүгін Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде Сарысу ауданының Құрметті азаматы, спорт ардагері Тұрар Мысықбаевты еске алуға арналған Грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы ашық Республикалық турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов қатысып, сөз сөйледі. Турнирдің маңыздылығына, спорт ардагері Тұрар Мысықбаевтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесіне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік денешынықтыру орталығының басшысы Аманғали Жартыбаев жарыстың ашылуымен құттықтады.
Сондай-ақ, Тұрар Мысықбаевтың ұлы, Мәскеу қаласынан келген жарыстың бас демеушісі Қанат Тұрарұлы сөз алып, жарысты ұйымдастырушыларға барша әулеті атынан үлкен алғысын білдірді.
Екі күнге созылатын 2009-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы бұл турнирге Өзбекстан Республикасынан, Түркістан облысынан, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз қалаларынан және Жамбыл, Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарынан 500-ге тарта жас балуандар қатысып жатыр.
Сарысу ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.