Петропавлда құдықтағы газден уланған жұмысшыларға байланысты комиссия кінәлілерді таппады

112

Петропавлда құрылыс алаңында су құдықтарын тазалау кезінде үш адамның будан улануын тексерген арнайы комиссия жұмыс берушінің кінәсін анықтамады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаменті Қазақ драма театрының салынып жатқан нысан аумағында үш жұмысшының улануымен болған топтық жазатайым оқиғаға қатысты арнайы тексеру жүргізу үшін комиссия құрды. Жақында комиссия жұмысы аяқталды. Нәтижесінде жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің тікелей кінәсі жоқ деген қорытынды шығарылды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер бұл ұйымның қызметкерлері емес, оларды кәсіпорынның шебері құдық тазалауға көмектесуге шақырған.

«Олар тек қосымша табыс тапқысы келіп, көмекке бір-бірін шақырып жұмысты бітіруге тырысқан. Бұл сауалнамалар мен құжаттармен расталды. Олардың арасында бейресми еңбек қатынастары болған. Комиссияның қорытындысы бойынша жазатайым оқиғаға зардап шеккендердің еңбек қызметінің қатысы жоқ», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлнар Мұрзақанова.

Комиссия бұл жерде жұмыс берушінің кінәсі оның өз қызметкерін бақыламауынан ғана көрінетінін, ол бөгде адамдарды нысанға озбырлықпен шақырып, аумаққа кіргізіп, құдыққа жібергенін атап өтті.



«Оларға бұл жұмысты өздерінің жұмыс берушісі тапсырмаған. Апат құрылыс алаңының қоршалған аумағында, бөгде адамдар бара алмайтын жерде болған. Бірақ бақылау-өткізу бекетіндегі қызметкер үш жігіттің шақырылғанын хабарлап, оларды танитындарын айтқан соң, өткізіп жіберген», — деді Мұрзақанова.

Мемлекеттік инспектордың айтуынша, ұйым алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу үшін іс-шаралар жоспарын жасаған. Оның ішінде жұмыс орнына бөгде адамдардың кіруіне жол бермеу үшін қатаң талаптар қойылған.

«Ұйым бұл апаттың барлық шығындарын өз мойнына алды, олар зардап шеккендерге көмек көрсетеді, материалдық көмек береді», — деп түйіндеді инспектор.

Сонымен қатар бұл оқиғаны полиция да тексеріп жатыр. Қазір еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар жүргізілуде.

Еске салсақ, 31 тамызда Петропавлда Жамбыл көшесінің бойындағы құрылыс алаңында үш ер адамның мәйіті табылған болатын. 1994, 2002 және 2004 жылы туылған үш жұмысшы құрылыс алаңының маңындағы су құдықтарын тазалау кезінде түтін шыққан. 20 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмып, екі зардап шегуші қаланың емдеу мекемелеріне жатқызылды.

https://stan.kz/petropavlda-kydiktagi-gazden-ulangan-zhymisshilarga-bay-370664/

Leave A Reply

Your email address will not be published.