«Оқушы қыз жүкті болып қалған»: Түркістан облысындағы жасөспірімді зорлау оқиғасы бойынша ауыл тұрғындары пікір білдірді (видео)

127

Фото: Stan.kz

Жергілікті тұрғынның айтуынша, Зағамбар ауылында тұрғынның қорасынан шыққан жалын бір сәтте көз ілеспес уақытта болған екен.

«Түнгі сағат екі-үштерде көрші-қолаңнан үйлеріндегі көліктерінің, қораларының өртенгенін естідік. Үлкен ауылдың әр бұрышындағы бұл жалын бір сәтте болған. Кейін полициядан «Ұйықтамаңдар! Абайлаңдар!» деген хабарлама жетті. Содан көрер таңды көз ілмей атырдық» – деді ауыл тұрғыны.

Ауылдағы бұл байбалам «жасөспірім бала оқушы қызды зорлады» деген суыт хабардан шыққан. Кейіннен 9-сынып оқушысы іші ауырып, ауруханаға көрінуге барған. Соңында қыз жүкті екенін білген дейді тұрғындар.

Түркістан облысының полиция департаменті, бұл іске қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Айтуларынша қазір екі отбасының мүшелері полиция тергеуінде екен.

«Полиция Төлеби ауданындағы кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті ретінде кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сараптама тағайындаумен қатар қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Барлық жағдай анықталып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпараттар жариялауға жатпайды. Іс Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген хабарламада.

Ал көлігі мен қорасы өртенген тұрғын жағдайдың аяқ-асты болғанын айтады. Түн ішінде терезеге тас соғылған. Содан оянған кейін жалынды сөндіріп, қорадағы малды шығарып үлгеріпті. Кейін қараса көлік ішінен керосин толы құты табылған.

«Өте қорқынышты. Тыныш жатқан ауыл едік. Тіпті есігімізді кілттемейтінбіз. Көлігіміз де үй ауласында тұратын. Бір кезде терезе сынды. Сосын көршілер шулай бастады. Қарасақ, көлігіміз өртеніп жатыр екен. Бастысы бала-шағамыз, үйіміз аман», – деді тұрғын Мухаббат Егембердиева.

Фото: Stan.kz 

Тұрғындардың бірі ауласында тұрған қос көлігінен айрылды. Ер адам кімнен күдіктенетінін де, қалай болғанын да айтпады. Олар бұл қылмыстарын ашық тұрған үй есігінен кіріп жасаған көрінеді. Аталған іске қатысты ауылда 16 жігіт ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген. Алайда полиция бұл туралы ешқандай ақпарат таратқан жоқ.

«Көрші тұратын балалардың бәрін полиция әкетіп жатыр. Шынын айтқанда, шын кінәліні тауып жазалағандарына қарсы емеспіз. Бірақ, жазықсыз адамға жала жаппасын», –  деді ауыл тұрғыны Айсұлу Мәмиева.

24 сәуір күні болған бұзақылық әрекеттерден кейін ауылда құзырлы орган өкілдері көбейген. Бір сәтте екі жүздей тәртіп сақшылары келген. Ауылдың кіре берісіне күзет қойылып, келіп кеткен көліктің бәрі арнайы тексеріспен өтіп жатыр екен. Ал 9-сынып оқушысының зорланған-зорланбағаны әзірге нақтыланбаған. Ол сот медициналық сараптамасынан соң белгілі болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Төлеби ауданында жасөспірімнің кәмелет жасына толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінгені туралы хабарлаған едік. Содан кейін әлдекім күдіктінің туыстарына тиесілі қора мен көліктерді өртеп жіберген.

Қыз зорлады деп күдікке ілінген тұрғын да кәмелетке толмаған екен. Ол уақытша ұстау изоляторында. Сондай-ақ бөтеннің мүлкін қасақана жойды деген күдіктілер де анықталып, полицияға жеткізілген.

httpz/news-39918stan.k8/s://

Leave A Reply

Your email address will not be published.