«Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында Тараздағы «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтті.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев оқу-жаттығу жиынының өту барысын бақылады.
Аймақ басшысы облыстың азаматтық қорғаныс қызметі, техникалар мен құрал-жабдықтардың кез келген уақытта төтенше жағдайға дайын болу қажеттігін баса айтып, төтенше жағдай кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлық тиісті органдардың жауапты екенін атап өтті.
Бұл күні алдын ала әзірленген сценарий бойынша жер сілкінісінің қатері мен туындау кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау, мемлекеттік құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының топтарын нақтылау бойынша жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығудың бағдарламасына сәйкес, минералды тыңайтқыштар зауытындағы кәсіпорын ішілік теміржол жолдарында күшті жер сілкінісі салдарынан аммиак пен дизель отынының цистерналары құлап, қауіпті және радиоактивті заттар төгіледі. Бұдан бөлек, аммиак бұлты зауыт жұмысшыларына қатер төндіріп, жанармай бекетінің жарылу қаупі туындайды. Зардап шеккендер бар.
Құтқарушылар апатты жою барысында әуелі өрт гидрантын орнатып, аммиак бар теміржол цистернасына аралас су оқпандарын беру арқылы десанттау жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ, өрттерді сөндіру және теміржол жолдарында авариялық-құтқару мен кезек күттірмейтін жұмыстар жүргізу, зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсету, химиялық дала зертханасын орнату және оның жұмысын ұйымдастыру бойынша бірлескен іс-қимылдар пысықталды.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару бөлімшелері, апаттар және жедел жәрдем медицинасы орталығының бригадалары, полиция патрульдері, Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімі мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 22534 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және техникалық құрылғылары жұмылдырылды.
Жалпы, оқу-жаттығуға барлығы 69 өрт сөндіруші мен құтқарушы, 17 бірлік арнайы техника қатысты.
Айта кетейік, дәл осы сипаттағы тактикалық арнайы оқу-жаттығулары өңіріміздің бірқатар аудандарында да өтеді. Оқу-жаттығуларға барлығы 783 құтқарушы мен түрлі мақсаттағы 249 бірлік техника жұмылдырылатын болады.