Нығматулин не бүлдіріп қойды?

955

Кешеден бері әлеуметтік желіде «Нығматулин Мәжіліс төрағалығынан кетуге арыз жазыпты» деген алыпқашты әңгіме тарап еді. Сол рас болып шықты. Сейсенбі күні таңертең Орталық сайлау комиссиясы Нығматулиннің депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы тиісті қаулы шығарды. Қаулыда:

-Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.З. Нығматулиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілсін,-делінген.

Сондай-ақ бүгін Орталық сайлау комиссиясы Нығматулиннің арызынан кейін босап қалған «Nur Otan» партиясының мандатын Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановқа табыс етті.

Мұндай шешімге «Nur Otan» партиясы  Саяси кеңесі Бюросының 2022 жылғы 31 қаңтардағы қаулысының негіз болғандығы көрсетілген.

Ерлан Қошанов Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне 2019 жылдың қыркүйегінде Қырымбек Көшербаевтан кейін келген болатын. Енді тәртіп бойынша төменгі палатаның алдағы отырысында Мәжіліс төрағасы сайлануы тиіс. Кандидат депутаттардың өз ортасынан таңдалады. Яғни, Мәжіліс төрағасы лауазымына Қошановтың отыратыны айтпаса да түсінікті сияқты. Қошановты Ақордадан Парламентке жай ғана депутат қылу үшін емес, төраға етіп сайлау үшін апарғаны айдан анық қой.

Ал Нұрлан Нығматулин уақтысында Қарағанды облысының әкімі, Президент әкімшілігінің басшысы, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Ол Мәжілістің екі шақырылымына төраға болды. Төрағалықты өз еркімен тәрк еткен Нығматулин саясаттағы карьерасын осыменен аяқтай ма, мұны әлі уақыт көрсете жатар.

Айта кетері, Нығматулин жуырда партияның Саяси бюросының құрамына да енбей қалған болатын.

oinet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.