Нұржан Нұржігітов ауылдықтардың талап-тілегін тыңдады

346

Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі жобаға енген ауылдық округтердегі барлық әлеуметтік мәселелер кешенді түрде шешілуі тиіс. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Жамбыл ауданына іссапары барысындағы ауылдықтармен кездесуінде баса айтты.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес  аймақ басшысы бұл жолы Жамбыл ауданына қарасты Полатқосшы және Бесағаш ауылдық округтерінде жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді.

Алдымен Нұржан Нұржігітов Полатқосшы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

10 мыңға жуық тұрғыны бар округте бір орта мектеп, үш балабақша, бөбекжай орналасқан. Елді мекенге ауыз су, табиғи газ тартылған.

100 келушіге арналған Жалпақтөбе бастапқы санитарлық-медициналық орталығы тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде. Мекемедегі қабылдау бөлмелері ЭКГ, флюра, УЗИ, асқазан ауруларын анықтау (ФГДС), физио қондырғылармен жабдықталған.

Жалпақтөбе ауылында жеке көкөніс сақтайтын 97 қойма орналасқан. Олардың жалпы сыйымдылығы – 24 370 тонна. Қазіргі кезде қоймаларда 2 300 тн пияз, 4 200 тн сәбіз сақтаулы тұр.

Кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша өз кәсібін ашып, оны дамыту үшін 5 азамат 103 млн теңге жеңілдетілген несиелер алды.

2025 жылға дейінгі даму жоспарын орындау мақсатында өткен жылы өнеркәсіп саласы бойынша 8 жоба іске асырылып, жалпы құны 65 млн теңгені құрады. 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы жыл қорытындысымен 206 азамат тұрақты жұмысқа тартылған.

Сұрақ жауап кезегінде тұрғындар мектепке барар жол қиылысына бағдаршам орнату, спорт кешенін салу, жайылым, қаңғыбас иттерге қатысты мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысы барлық сұрақтарға облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, нақты жауаптар берді.

— Ең бастысы – қоғамдағы тыныштық, келісім, бірлік. Мемлекет басшысы осыған айрықша назар аудартып отыр.

Елімізде көптеген ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүруде. Оларға өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға барлық жағдай жасалуда.

Дегенмен, қоғамдағы қарым-қатынас, бірлік үшін еліміздің барлық азаматтары мемлекеттік тілдік меңгеруі тиіс. Бұл тұрғындардың өзара байланысын арттыра түседі,- деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң аймақ басшысы Бесағаш ауылдық округіндегі халықпен кездесуге қатысты.

Бесағаш және Түрксіб елді мекендерінен тұратын округке биыл жалпы құны 54 млн. теңге болатын 4 шағын инвестициялық жоба іске асырылып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жалпы, ауылдық округтің 2025 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 22 жобаны іске асыру көзделген.

Ауылдық округке қарасты екі елді мекенде ауыз су жүргізу жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталған. Биыл наурыз, мамыр айларында жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Ауылдықтар табиғи газбен қамтылған.

Сондай-ақ, округ бойынша 36,2 шақырымды құрайтын 46 көшенің  11-і асфальтталған.  Ағымдағы жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде Бесағаш ауылының 11 көшесіне, Түрксіб ауылының 14 көшесін (жалпы 25) жөндеуге қаржы қаралған.

Кездесу барысында бесағаштықтар жайылым тапшылығы, ауыз су тарту жұмыстарының сапасыздығы, жеке тұрғын үй үшін жер телімін беру, көшені жөндеу, мектеп ғимаратының сыртын реттеу жұмыстарын жүргізу және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Айта кету керек, округ облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасының алғашқы кезеңіне енген болатын. Бүгінде тұрғындар жоба аясында тұрмыстарының тіктеліп келе жатқанын айрықша атап өтті.

Облыс әкімі көтерілген сауалдарға жауап бере отырып, кейбір мәселелерді реттеу бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

— Тұрмыстық табысты арттыру жөніндегі жобаға енген ауылдардағы барлық әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде шешіп кетуге күш салып жатырмыз. Осы орайда ауылға 760 миллион теңге бағытталды.

Бұл тұрғыдағы жұмыстар қатар атқарылатын болады. Сонда ғана біз бір ауылдың мәселелерін толығымен шеше отырып, келесі округтерге ауыса аламыз,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.