Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте суармалы сумен қамту мәселесі қаралды.
Басқосу барысында ағымдағы жылы суармалы судың тапшылығы салдарынан орын алған шаруалардың шығын көлемін нақтылау, оларға өтемақы төлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі сараланды.
Облыс әкімі барлық есептеу шаралары заңды әрі нақты дәлелмен жүзеге асу керектігін, ешқандай бұзушылықтарға жол берілмеуі қатаң бақылауда болуы тиіс екендігін баса айтты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы вегетациялық кезеңнің аяқталуына жақын қалғанын ескертіп, қолда бар су көлемін ылғалды көбірек қажет ететін дақылдарға барынша үнемдеп кезекпен жеткізіу қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, жалпы, облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты орын алған дақылдардың шығынын анықтау бойынша арнайы жұмыс топтары құрылған. Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын жақын күндері түпкілікті айқындалмақ.
Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес суармалы су жүйелерін жаңғырту жұмыстарының орындалу барысы талқыланды.
Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК облыстық филиалының ЖСҚ дайындаудағы, құрылыстардың сапасы мен мерзімін бақылау, мердігерлерді анықтау бойынша жұмыстардың сылбырлығын сынға алды.
Өз жауабында филиал басшысы Ерлан Өтегенов «Қазсушар» РМК басшысының тағайындалмай отырғандығы жөндеу жұмыстарының созылуына себеп болып отыр деп ақталуға тырысты.
Облыс әкімі ешқандай сылтау қабылданбайтынын, келер жылғы вегетациялық маусымға жан-жақты дайындық жұмыстарына қазірден кірісу керектігін жеткізді.
— Жергілікті билік өз тарапынан барлық шараларды қабылдап, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Алайда, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының жұмысы ойдағыдай емес. Құжаттамаларды реттеудің өзін созып отырсыздар. Өз міндеттеріңізге салғырт қарайсыздар. Су жеткізу, каналдарды жөндеу бойынша мәселелер орын алғанда, шаруалар шешімін сіздерден емес, жергілікті атқарушы органдардан сұрайды. Сіздер бар жауапкершілікті бізге сырғытып, өздеріңіз тыс қаласыздар,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі жауаптыларға бұл мәселені шешу үшін тиісті алгоритм әзірлеуді тапсырып, алдағы вегетациялық маусымды су жеткізуді реттеу бойынша жауапкершілікті жергілік атқарушы органдарға алу маңыздылығын жеткізді.
Бұдан бөлек жиында сусорғыларды заңдастыру, ұңғымалар қаза отырып, су үнемдеу технологияларының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, су қоймаларын салу және жөндеу жұмыстарындағы мәселелер де қаралды.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологиялары 57,0 мың гектарда қолданылуда. Бұған кей жерлерде жер асты сулары пайдаланылуда десек, бүгінде өңірде 103 ұңғыма жұмыс істеп тұр.
Осы ретте, шаруаларға қолдау ретінде ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемін 80 пайызға дейін арттыру жұмыстары қолға алынды.
Жамбыл облысы әкімдігі