МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ АЛҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

85
Биыл мемлекеттік грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қатары артып келеді.
Солардың бірі жаңатастық Ұлжан Қуанышбаева. Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз қаржы алып, сұлулық салонын ашты.
Жастайынан осы кәсіп түріне икемі бар Ұлжан қайтарымсыз грант қаражатына керекті құрал-жабдықтарын алып, жұмысын бастап кетті. Шаш қию, шаш бояу, түрлі шаш үлгілерін жасау, тырнақ әрлеу сияқты жұмыстармен айналысып отырған жас кәсіпкер өз ісін кәсіп көзіне айналдырғанына қуанышты.
Қазір бизнестің сан алуан түрі бар. Жаңатас қаласының тұрғыны Тайшева Айсұлу Жарасқызы жауапты да табысты қызметтің түрі клининг қызметін көрсетумен айналысады. Ол өзінің ұсынған жобасына сәйкес биыл алған 1380000 тенге қайтарымсыз грант қаражатына тазалау жабдықтарын алып, үй, пәтер ішіне, үй жиһаздарына тазалау жұмыстарын жүргізумен айналысуда.
Қажеттіліктердің көбеюіне қарай қоғамда түрлі сұраныс пайда бола бастады. Биыл қайтарымсыз грант иеленген жаңатастық тұрғын Амантаева Қамажай Диханбайқызы мақта, жүн тазалау жұмыстарымен айналысып отыр. Тұрғындардың сұранысына қарай, көрпеше, жастық өзге де мүліктердің ескірген мақталарын, жүндерді қайта тазалап иесіне ұсынып отыр. Қамажай алған қайтарымсыз грант қаражатына арнайы аппарат пен қажетті құралдар сатып алған. Бұл кәсіп түріне тұрғындардын сұраныс жоғары.
Жаңатастық Бейсенов Оралбек Жәнібекұлы да биыл мемлекеттік қолдауға ие болғандардың бірі. Оған да кәсібін ашуға мемлекеттік грант септігін тигізген. Тиісті құжаттарын тапсырып, арнайы кәсіптік оқудан өтіп, сертификат алған. Қайтарымсыз қаражатқа ие болған ол, арнайы құрал-жабдықтарын сатып алып, жекелеген үйлерге, ғимараттарға заманауи үлгіде жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Шағын тігін цехын ашқан Жаңатас қаласының тұрғыны Малибаева Гүлмира Абдіманапқызы осы жылы мемлекет тарапынан қолдауға ие болған көп балалы ана. Тігін тігу туралы жобасын сәтті қорғап, осы жылы 400 АЕК мөлшерінде (1380000 теңге) қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Грант қаражатына тігін машинасын, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алып, кәсібін жүргізіп отыр. Тұрғындардың тапсырыстарын қабылдап, киім қысқарту, жөндеу т.б. бұйымдарды тігумен айналысуда.
Сондай-ақ, Ақтоғай ауылының тұрғыны Айдар Қазылықов та құжат тапсырып, қайтарымсыз грант алуға талпынып көрді. Нәтижесінде осы жылы 1380000 теңге мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, сауын сиырлар сатып алды. Отбасымен сиыр малын өсіріп, сүт өнімдерін өндіруге ниеттенген. Сиырды сауып, сүт өнімдерін өндіруге жұбайы көмектеседі. Сүт өнімдерін тұтынушыларына өткізеді, отбасында пайдаланады. Алдағы уақытта мал басын арттыру, өнімді ұлғайту да ойында бар.

 

Сарысу ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.