Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы ілкімді істер

622

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мекемесінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының өткен жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жылға арналған жұмыс жоспары айтылды.

Журналистермен болған басқосуда аталған мекеменің директоры Зарина Қуатова аталған бағдарламалар аясында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етіп, оларды іске асыруға жергілікті атқарушы органдармен қатар, азаматтық қоғам институттары жұмылдырылып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, есепті мерзімде 5,4 миллиард теңгеге 208 жоба, 3 026 іс-шара ұйымдастырылып, 1 миллион 27 мыңнан астам адам қамтылыпты.Оның ішінде жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, демеушілер есебінен 2 миллиард теңге тартылған. Бағдарламаның «Туған жер» арнайы жобасы аясында барлығы 425 769 адамды қамтыған 1339 іс-шара, демеушілер мен меценаттардың есебінен 2 миллиард 63 миллион 717 мың теңгеге 104 жоба іске асырылған.

– Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков атындағы «Желтоқсан» саябақтары, облыс әкімдігінің алдында орналасқан Ж.Жабаевтың және Шу ауданындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш қайта жаңғыртудан өткізілді. Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Даңқ» залы ашылды. Жастар жылы аясында «Жастар аллеясы» ашылды. Мұнда 15 метрлік «Ұлы дала ұландары» стеласы, 600 адамға арналған амфитеатр – «Білім» алаңы, «Кітап» стеласы, «Жастар» қабілеторталығы жастар игілігіне берілді. Тарихымызды болашаққа таныту мақсатында 24 гектар аумақты алып жатқан «Тектұрмас» этно-тарихи кешені салынды. Орта Азияда баламасы жоқ кешенде киелі Әулиеата өңірінің сан ғасырлық тарихи оқиғаларының  толық хронологиясымен танысуға болады, – деді З.Қуатова.

Сондай-ақ өңірде алғаш рет өткен мектеп оқушылары арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тауып, еліміздің барлық облыстарында өткізуге ұсынылыпты. Сонымен қатар 5 жерлесіміз республикалық «Жомарт жүрек» жобасы аясында жүлдегер атанған. Осындай жетістіктерді тілге тиек еткен мекеме директоры бағдарламаның басқада жобаларына кеңінен тоқталып, биылғы жоспарларымен бөлісті. Айта кетерлігі, мекеме бұдан былай ұзақ мерзімді жоспарларға баса мән бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.