Майқайың кенішінде опат болған төрт құтқарушының отбасына қанша өтемақы берілді – Облыс әкімі жауап берді

31

майқайың

 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте тілшіміз Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтан опат болған құтқарушылардың отбасына қандай көмек көрсетілгенін сұрады.

«Қос құтқарушының мәйіті апат болғаны күні табылған. Ал Айдос Шаймерденнің денесі 19 шілдеде, Айып Төлеубергеннің денесі 25 шілдеде табылды. Олардың отбасына «Майқайың-алтын» ұжымынан және жұмыс беруші ұжымнан өтемақы берілді», – деді ол.

Әкімнің сөзінше, барлығы отбасыларға көмек ретінде 183,1 миллион теңге өтемақы берілген. Сонымен қатар ол марқұм Олег Тышкевичтің отбасына берілген көмектің азайтылуына қатысты да пікір білдірді.

«Олег Тышкевичтің кәмелет жастан асқан екі баласы бар. Кіші қызы Диана 23 жаста. Солардың арызы бойынша апеллияциялық сотта қаралып, әр баласына 7,5 миллион теңге төлеу жөнінде шешім қабылданды. Мен соттың шешіміне қатысты пікір білдіре алмаймын. Ал жергілік атқарушы органнан көмек көрсетілгені белгілі. Сарқыт Бердіханның отбасына көмек бірден төленді», – дейді Асайын Байханов.

Дегенмен облыс басшысы апатқа қатысты тергеу барысында күдікке ілінген 6 азаматтың үйқамаққа жіберілуіне қатысты деректер ұсынбады.

Еске салайық, 4 қаңтарда құтқарушылар мінген автобус кеніш аумағында бұрынғы шахта орнына түсіп кеткен еді. Іздеу жұмыстары кезінде екі адамның мәйіті табылған. Ал қалған екі адамды іздеу жұмыстары шілдеге дейін жалғасты.

Кейін апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, «Майқайың-алтын» АҚ-ның алты жауапты қызметкері тергеу изоляторына қамалған. Бірақ бір күннен кейін олар үйқамаққа ауыстырылды. Ұсталғандар қатарында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары, бас инженер мен өзге де басшылар бар.

фото:Слайдтан скриншот

https://stan.kz/maykayin-kenishinde-opat-bolgan-tort-kytkarushinin-otba-410133/

Leave A Reply

Your email address will not be published.