Марат Саршаев жастармен кездесті

965

Баршаға белгілі, өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынған болатын. Мұндағы мақсат – адал еңбегімен, жарқын жетістігімен абырой биігіне көтерілген тұлғаларды өскелең ұрпаққа дәріптеу. Осы орайда көпшіліктің дауыс беруі нәтижесінде үздіктер анықталып, мерейі тасыды. Үздік жүздікке Жамбыл облысынан 8 азаматтың енгені де жерлестері үшін зор мақтаныш болғанын айту керек. Бүгінде облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен жоба жеңімпаздарының өнегелі өмірін көпшілікке, әсіресе жастарға үлгі ету мақсатымен бірқатар шаралар ұйымдастырылып келеді. Сондай мағыналы іс-шаралар апта басында өңіріміздегі оқу орындарында өткізілді.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүйріктерінің қатарына облысымыздан қосылған 8 тұлғаның бірі нейрохирург Марат Саршаев бүгінде Алматы қаласында еңбек етеді. Өткен дүйсенбіде туған өлкесіне келген Марат Аманғалиұлы осындағы студент іні-қарындастарымен жүздесіп, ашық пікірлесті.
Алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жастармен өткен кездесуде білікті дәрігер туралы деректі фильм көрсетілді. Онда адам жаны үшін ажалмен арпалысатын жауапты қызметі жөнінде мол мағлұмат берілді. Алтын қолды дәрігердің нәтижелі еңбегі айтылды.
«Болашақ» бағдарламасымен Мәскеу қаласындағы Нейрохирургия ғылыми институында білім алып келген Марат Саршаев бастапқыда Тараз қалалық №1 аурухананың нейрохирургия бөлімінде 3 жыл қызмет еткен. Қазір Алматы қаласындағы «Орталық клиникалық аурухана» АҚ-да нейрохирург болып еңбек ететін бірінші санаттағы дәрігер бала күнінде бұл мамандықты мүлдем армандамаған екен. Дзюдомен кәсіби түрде айналысып, спортқа жақын өседі. Кезекті бір жаттығуында жарақат алып, қолы шығады. Емделіп жүргенінде бос уақытында химия, биологияны оқуға ден қояды. Ата-анасы да балаларының дәрігер болғанын қалайтындарын байқатады. Міне, сол күннен бастап Марат медицинаға бет бұрады. Басты байлықтың сақшысы болғандықтан бұл мамандықты меңгеру жолына 9 жылын арнаған екен.
Студенттер тарапынан қойылған «Сіз қандай студент болған едіңіз?» деген сауалға Марат Саршаев:
– Шынын айтқанда, тоғыз жылғы студенттік күндерімде бос уақыт деген мүлдем болған жоқ. Алғашқы 4 жылды теорияны жетік меңгеруге арнасам, кейінгі жылдарды тәжірибе жинауға жұмсадым. Ауруханаларға жиі барып, түнгі кезекшілікке қалып, ауыр оталарға қатыстым. Өзге шаруаларымнан қолым қалт етсе де оталарға кіретінмін. Соның аралығында бала күнгі қызығушылығыммен бастаған дзюдомен айналыстым. Уақыт бізге берілген үлкен мүмкіндік, аса құнды дүние деуге болады. Оның әр секундын ұтымды пайдалансаң ғана өмірлік мақсатыңа қол жеткізесің, – деді.
Бір қызығы Марат Саршаев өзінің «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылғанын бастапқыда білмеген. Кейін әріптестерінің бірінен естіпті.
Жастардың «Отаға кірер сәтте қандай күйде боласыз?» деген сауалына:
– Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Себебі, нейрохирургияда 1 мм жұлынға 12 тігіс түсіріп жалғауға тура келеді. Ойлап көріңіздер, қандай күрделі екенін. Сол ота нәтижесінің артында адам өмірі тұр. Бірде 20 сағаттық отаға қатыстым. Онда дәрігердің көмекшісі болдым. Сол отада 12 сағат бойы бастағы кішкентай тамырларды бір-біріне жалғап тіктім. Сонша сағат шыдап, ота жасау үшін дәрігерлердің денсаулығы мықты болуы керек. Ондай болмаған жағдайда отаның сәтті аяқталуы екіталай. Дәрігер жұмыстан соң, демалуы керек. Демалғанда, үйге барып, жұмыссыз жату емес. Тауға серуендеп немесе спортпен шұғылданғаны жөн. Өзім бала кезімдегі сүйікті спортым дзюдо секциясына жиі барып тұрамын. Нағыз шаршауды басатын әдіс осы деп білемін, – деп жауап берді.
Жасөспірімдерге оң бағыт беретін келелі әңгіме өрбіткен кездесу Жамбыл медициналық колледжінде және өзі білім алған №5 мектеп-гимназиясында да өткізілді. Кездесулерге нейрохирургтың өзімен бірге ата-анасы да барып, еңбегімен еліне еленген ұлдарымен мақтанатындарын айтып, жастарға тілектерін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.