Құрмет

363
Өткен сенбі күні аудан әкімі Сәкен Мамытов Саудакент ауылының тұрғыны, құрылыс саласының және мемлекеттік қызметтің ардагері Кенжетай Сержановты 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Халқымыздың игі дәстүрі бойынша иығына шапан жауып, құттықтау хатын табыс етті. Мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы, бай тәжірибесі кейінгі ұрпаққа үлгі екендігін айтып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Өз кезегінде Сержанов Кенжетай аға арнайы ат басын бұрып, қуанышты күнімен құттықтап, құрмет көрсетіп отырған аудан басшысына алғысын білдірді.
Құттықтау барысында аудан басшысымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Құдайберген Рысдәулет болды.
Кенжетай Сержанов 1948 жылы 25 тамызда Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Жамбыл су-мелиоративтік құрылыс институтын «құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1968 жылы «Байқадам» кеңшарында шопан көмекшісі болып бастаған.
1973-1977 жылдары Жамбыл қаласындағы «Казюжгипроводхоз» жобалау институтының инженері, аға инженер-жобалаушысы, 1977-2002 жылдары Байқадам ауылындағы №2009 жылжымалы механикаландырылған колоннасының құрылыс шебері, жұмыс жүргізуші, учаске бастығы болып қызметтер атқарған.
2002-2011 жылдары Жаңаталап ауылдық округ әкімі аппаратының маманы, бас маманы мемлекеттік қызметін атқарып, 2011 жылы зейнетке шықты.
Қазіргі таңда еліне сыйлы, қадірменді ардагер, елдің ағасы ретінде жастарға ақыл – кеңесін беріп, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді.
Сарысу ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.