Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі

449

Тамыз айының 11-і күні күллі мұсылман қауымы асыға күткен, исі мұсылман жамағатымен жаппай атап өтілетін зор мерекенің бірі Құрбан айт мейрамы басталады. Әлем мұсылмандары бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбандық шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, құрбан шалу секілді ізгі амалы арқылы мұсылман адам Раббысына жақындай түседі. Жалпы, дін мамандарының айтуына сүйенсек, «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. Мұндай ұлық мерекенің Қазақстан үшін орны да ерекше.
Ағайын арасын жақындатып, аразды татуластыратын, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін осы мерекенің қоғамдағы маңызы да зор. Жұртымыздың жетпіс пайызынан астамы ұстанатын ислам дінінің айтулы күніне орай, Құрбан айт мерекесі қарсаңында оны атап өтудің мәні мен мағынасына тоқтала кеткенді жөн санадық.

Жалпы, ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге жер жаһандағы адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратыны белгілі. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бірі-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн.
Құрбан айт мерекесі күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітке барып, жамағатпен қатар сапқа тұрып, айт намазын оқу – сауапты іс.
Құрбан айт күні ағайын-туыстырды, дос-жарандар мен көршілерді айтпен құттықтап, ақ дастарқан басында Алланың бұйырған ризық-несібесінен, құрбандық етінен дәм татқан абзал.
Құрбан Айт қабыл болсын! Құлшылықтарыңызды Аллаһ Тағала қабыл етсін!

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/1 мекемесінің арнайы есеп бөлімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.