ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы 2018 жылғы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі Қоғамдық комиссияның отырысы өтті

1 518

Мемлекеттік хатшы жиында сөйлеген сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан мемлекеттілігін нығайтудағы маңызды рөліне тоқталып, БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелері – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.

– Елімізде және шетелде болып жатқан маңызды оқиғалар Қазақстандағы реформалардың бағыты мен мемлекеттік саясатты дұрыс жеткізу ісіндегі отандық БАҚ-қа деген жоғары сұраныстың және оның ерекше рөлін айқындайды. Жалпыға ортақ ақпараттандыру ғасырында дәл әрі нақты ақпарат негізгі құндылық болып табылады. БАҚ қазіргі әлемдегі соның қозғаушы күші әрі дистрибьютері болып саналады, – деді Қоғамдық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекет ақпараттық дәуір жағдайындағы БАҚ-тың рөліне терең мән бере отырып, өзінің кәсіби деңгейі мен шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыратын талантты журналистердің шығармашылық бастамалары мен ынта-жігерін қолдау арқылы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына жан-жақты көмек көрсетуде.

Мемлекеттік хатшы еліміздің медиа-қоғамдастығы өзінің «төртінші билік» ретіндегі жоғары мәртебесін растай отырып, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, қоғамдық келісім мен этносаралық татулық құндылықтарын бекемдей түсуге, мемлекет пен қоғамның өзекті проблемаларына жедел үн қатуға септігін тиігізетінін айтты.

Биыл Қоғамдық комиссияның қарауына 61 ұсыным берілді, соның ішінде 47-сі журналистерге, 14-сі шығармашылық ұжымдарға қатысты. Бұл ретте, 25 ұсыным баспасөз басылымдарынан, 36 ұсыным электрондық БАҚ-тан, телекомпаниялардан, телеарналардан келіп түсті.

Қоғамдық комиссия отырысында журналистер материалдарының деңгейі жоғары екендігі, сондай-ақ баспасөз қоғамдастығының Қазақстан дамуының маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жариялап-көрсетудегі үлесі атап өтілді.

Талқылау қорытындысы бойынша, БАҚ саласындағы президенттік марапаттарды тағайындау ережесіне сәйкес, Қоғамдық комиссия ашық дауыс беру арқылы БАҚ өкілдеріне 2 сыйлық беру, 2 грант тапсыру және 4 шығармашылық ұжымға Президент Алғысын жариялау жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасау туралы бірауыздан қаулы қабылдады.

Отырысқа Комиссия мүшелері – республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық одақтардың, журналистердің қоғамдық бірлестіктері мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.