ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Жамбылдық шаруалармен кездесті

170

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» серіктестігінің егістік алқабымен танысты. Одан кейін облыстағы шаруа қожалық басшыларымен кездесті.

Биылғы ауа-райының қолайсыздығынан болған су тапшылығы салдарынан жергілікті қызылша еккен шаруалардың шаруашылығы тұралаған болатын. Осыған орай, ауыл шаруашылығы министрі су тапшылығынан зардап шеккен егін алқаптарын арнайы көрді.

«Мыхан Орда» шаруашылығы биыл 480 гектар алқапқа қызылша еккен болса, су тапшылығы мен көктемгі ауа райының қолайсыздығынан 450 гектар алқап жарамсыз күйге түскен.

Министр өңірдегі шаруа қожалық басшыларымен кездесу барысында су тапшылығы мәселесімен таныс екенін, бұл мәселе бойынша Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін атап өтті.

— Алдымен, су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жариялау мәселесін шешеміз. Сонымен қатар, төтенше жағдай жарияланатын болса, резервтен қаражат бөлініп, шығындарыңыз есептеліп, өтеп берілетін болады, – деді министр.

Ербол Қарашөкеев шаруалардың ұсыныстарын тыңдап, олардың өтініштерін жеке назарға алды. Аталған шаруалықтың директоры Мақсұт Несіпбаев күзгі өнім жинау науқанына қазірден дайындық керектігін, бұл ретте, қант зауыты әлі күнге дейін шаруалармен келісім-шарт жасамағанын жеткізді.

Сонымен қатар, министрмен болған кездесуде жергілікті шаруалар қызылша тұқымына, сонымен қатар, әртүрлі фитосанитариялық дәрі-дәрмектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидия берілсе деген өтініштерін жеткізді.

Бұдан бөлек, жанар-жағармайдың бағасына қатысты да шаруалар өз ұсыныстарын білдірді.

Ауыл шаруашылығы минстрі шаруалардың өтініштерін назарға алып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Жалпы Меркі ауданында ағымдағы жылдың I жартыжылдығында ауыл шаруашылығы саласында 9 753,0 млн. теңгенің, егін шаруашылығында 1 206,6 млн. теңгенің, мал шаруашылығында 8 546,0 млн. теңгенің өнімі өндірілген.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 1,6 млрд. теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,1 млрд. теңге инвестиция салынған.

 

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.