Қордай ауданы үлкен құрылыс алаңына айналды

934

Биылғы жыл Қордай ауданы үшін ауқымды құрылыс жұмыстарымен есте қалары сөзсіз. Ауыларалық және ауылішілік жолдар жөнге келіп, сумен қамтамасыз ету жүйелері жаңаруда, бірқатар әлеуметтік объектілер салынып, жөндеуден өтуде, елді мекендерді газдандыру бойынша жоспарлар да ауқымды. Ең бастысы құрылыс нысандарды салуды жоспарлауда жергілікті тұрғындардың өтініш-тілегі ескеріліп, халыққа ең қажетті деген жобалар қолға алынды. Сондықтан да барлық құрылыс нысандарының мерзімінде іске қосылуы аудан тұрғындары үшін маңызды. Аудан тұрғындарының игілігі үшін аймақта қолға алынған әрбір нысанның құрылыс жұмыстарын аудан әкімі Р.Дәулет жекелей бақылап, сапалы әрі мерзімінде іске асу мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Осы мақсатта аудан басшысы өткен аптада бірқатар құрылыс нысандарының жұмысын көріп қайтты. Ең әуелі Қарасу ауылында болып, ондағы ауылішілік жолдардың жөндеу жұмыстары мен Өтеген ауылындағы су жүйесінің құрылысын көрді. Сондай-ақ, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен мектептің құрылыс жұмыстарының да барысын бақылап, мердігерлермен кездесті. Аудан әкімі Р.Дәулет «Құрылыс жұмыстары келісілген жоспар бойынша іске асуы тиіс, бұл халыққа ең қажетті деген әлеуметтік нысандардың бірі, сондықтан да сапалы болуына баса назар аударыңыздар»-деп бас мердігер мен аудан әкімінің орынбасары Е.Орынбаевқа тапсырма берді. Осы күні Масанчи ауылындағы 600 орынға арналған мектептің де құрылыс жұмыстарын көрген аудан басшысы мердігерлерге бірқатар сын -ескертпелерін айтып, жұмысшылардың санын көбейтіп, жұмысты көрсетілген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.