Жылдың суық мезгілінде автокөліктердің өртену жағдайлары жазғы мезгілге қарағанда әлдеқайда жиі ұшырасады. Көлік небәрі 5-6 минуттың ішінде толығымен күйіп, өртеніп, жалпы сұлбасынан тек темір қаңқасы ғана қалады.
Өрт көбінесе мынадай жағдайларда, яғни қозғалтқыштың алдын ала іске қосылатын электр жылытқыштарын пайдалану ережелері бұзылған жағдайларда өрт жиі орын алады. Сондықтан өртті болдырмау үшін уақытында техникалық қызмет көрсету қажет.
Тек соңғы үш тәуліктің ішінде Жамбыл облысында жеті автокөлік өртке оранған.
Мысалы, ағымдағы жылдың 13 қаңтарында сағат 8:22-де Тараз қаласы, Төле би көшесі бойындағы автокөліктен өрт шыққандығы жөнінде жабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары аттанған. Жедел жеткен өрт сөндірушілер өртті 10 минут ішінде жойды. Өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер тірлкемеген. Өрт салдарынан мотор бөлігі жойылып, автокөліктің салоны зақымдалды. Сол күні Жуалы ауданында да дәл осындай өрт шықты. Жуалы ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы 6 минут ішінде автокөліктегі өртті жойды.
Ағымдағы жылдың 14 қаңтарында сағат 8:54-те Құмшағал ауылында автокөлік өрті туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келіп жеткен Тараз қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары өртті 10 минут ішінде толығымен жойды. Алайда өрт салдарынан автокөліктің қозғалтқыш бөлігі өрттен зақымдалды. Сол күні Қордай және Жуалы аудандарында да автокөліктегі өрт оқиғалары тіркеліп, оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс атқарды.
Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында сағат 10:20-да Жамбыл ауданында көлік өрті бойынша шақырту келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен №6 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары өртті 6 минут ішінде жойды. Сол күні сағат 4:49-да Меркі ауданында көлік өрті туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына №9 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары шықты.
Құрметті облыс және қала тұрғындары! Үйден шығарда мүмкіндігінше балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, электр және газ құрылғыларын қуат көздерінен ажыратып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды еске саламыз. Сондай-ақ, қолайсыз ауа-райында алыс жолға шығуды кейінге қалдырған жөн екенін ұмытпауларыңызды сұраймыз. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» нөмірлеріне шұғыл хабарлауды естен шығармаңыздар.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті