Келісім мен бірліктің үлгісі

50
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Amanat» партиясы облыстық филиалының әйелдер қанаты бірлесіп «Бақыт сыйла балаға!» атты мерекелік іс-шара өткізді.
Балғындардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйіне толы мерекелік шарада түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, шығармашылық өнер көрсетілімдері ұсынылды
Мерекелік жиын «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбындағы асфальтқа сурет салу байқауымен басталды. Жас суретшілер түрлі-түсті бояулар арқылы туған елге деген сүйіспеншілігін, бейбіт өмір мен бақытты балалық шақтың көріністерін бейнеледі.
Байқау жеңімпаздарын «Amanat» партиясы облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова мен «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті орталығы Аналар кеңесінің төрағасы Аракси Плетнёва мерекемен құттықтап, үздік шыққан жас суретшілерге жүлделерін табыстады.
Шараның келесі бөлігі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, өнерлі бүлдіршіндер мен шығармашылық ұжымдар сахна төрінде өз өнерлерін паш етті.
Мерекелік кеште би өнерінің көркем үлгілерін ұсынған ұжымдар қатарында «Баян-сұлу» балалар би ансамблі, М-ART би студиясы және «Кәусар» балалар би тобы болды. «Баян-сұлу» ансамблі ұлттық нақыштағы «Қамажай» биін орындаса, М-ART би студиясы «Мысықтар биі», испан биі және Хорезм биін көпшілік назарына ұсынды. Ал «Кәусар» балалар би тобы орындаған «Санэ» ретро биі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Вокалдық бағыт бойынша Саяжан мен Мақсат Ишанқұловтар өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар «Көңілді балалар» хоры «Попурри» әнін және халық әндерінен попурри орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды. Ал «Әсем әуен» дәстүрлі ән балалар ансамблі Жамбыл Жабаевтың «Угай-ай» әнін нақышына келтіре орындап, ұлттық ән өнерін дәріптеді. Мерекелік кештің қорытындысында Лаула тобының «Мен, сен, бәріміз» әні шырқалды.
Кеш бағдарламасында ерекше жанрдағы өнер көрсетілімдері де кеңінен қамтылды. «Аманат» дуэті жонглёрлік өнерімен көпшілікті тәнті етсе, Айдын Альчикеновтің сайқымазақ қойылымы балаларға шаттық сыйлады. Рахат Байтулеев «Жыланмен би», «Шығыс фантазиясы» және «Слинки» қойылымдары арқылы көрермендерді таңғалдырды. Ал Талап Таубековтің сиқыршылық өнері мерекелік кештің сәнін арттыра түсті.
Мерекелік шара соңында Достық үйіне келген балаларға “Қоғамдық келісім” КММ мен «Amanat» партиясы облыстық филиалының әйелдер қанаты атынан балмұздақ таратылып, арнайы дастархан ұсынылды.
Осылайша, өнер мен шаттыққа толы мерекелік күн балаларға ерекше әсер сыйлады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.