«Таза Тараз – таза қала» акциясы өтті

28

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі аумағында «Таза Тараз – Таза қала» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.

Тараз қаласының дәл орталығында орналасқан Қарахан кесенесі – өңірдің тарихи-мәдени мұрасының маңызды нысандарының бірі. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бұл сәулет ескерткіші тек тарихи орын ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды мәдени орталық саналады. Сондықтан кешен аумағын абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау және келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Экологиялық акцияға қала жастары, еріктілер және жастар ұйымдарының өкілдері белсенді қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар кесене аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қураған ағаштар мен тұрмыстық қалдықтарды жинады.

Тараз жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбек мұндай бастамалардың жастар тәрбиесіндегі және қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

– Тазалық өзімізден басталады. Мұндай игі шаралардың басы-қасында жастар жүруі тиіс. Бүгін қала тұрғындары мен туристер көп келетін Қарахан кесенесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тазалықты сақтау мен қоғамдық тәртіпті ұстану – отансүйгіштік пен жауапкершіліктің, табиғатқа деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Қаламыздың тазалығы үшін әрбір тұрғын жауапты. Сондықтан барша азаматтарды тазалықты сақтауға шақырамын, – деді Азамат Лесбек.

Акцияға 100-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Нәтижесінде тарихи кешен аумағынан 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, нысан толықтай тазартылды.

Айта кету керек, осындай экологиялық шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылып, еріктілер мен жастар ауыл көшелерін, су жағалауларын, орталық саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізді.

Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына ықпал ететінін атап өтті.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың жасыл желек отырғызылып, 2,6 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Сондай-ақ 810 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 615,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 6 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға зор үлес қосуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.