«ҚазАвтоЖолға» қатысты қылмыстық іс қозғалды

128

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-на қатысты автожолдарды тиісінше ұстамағаны үшін Алматы облысы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Алматы облысының прокуратурасы жолдарды пайдалануға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 353-бабының 3-бөлігімен «Абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған көлікте қолданылатын қағидаларды бұзу» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Прокуратура «Алматы-Шелек-Қорғас» республикалық маңызы бар жолдың 165-ші шақырымында жол апаты салдарынан бір адамның қаза болуына себепкер болған қызметкерлерді жауапқа тартпақ.

Осы апаттың негізгі себебі – көктайғақ және «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның тарапынан жол жамылғысын уақтылы тазаламау.

Өз кезегінде, «Автомобиль жолдары туралы» ҚР Заңының 19-бабына сәйкес, жол органы және автомобиль жолдарын басқарушылар қызмет көрсететiн автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз жүруiн қамтамасыз ететiн жағдайда күтiп ұсталуы үшiн жауапты», – делінген хабарламада.

Істі тергеумен Алматы облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы айналысуда. Қазіргі уақытта тергеу органы істі дұрыс шешуге қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге бағытталған тергеу іс-шараларын жүргізуде.

 

turkystan.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.