Қазақстанда ІТ-университет құрылады

564

2019 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда жаңа ІТ-университет жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысын ресми іске қосу шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Бұл шара төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында Қазақстан үшін маңызды әрі өзекті саналады. Елде сәйкес бағдарлама қабылданған, ол жұмыс істеп тұр. Интернет-заттар, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиясы, блокчейн адамзат өмірінің барлық саласына белсенді енуде және бұл қарқынды даму тенденциясына тәнцифрландыру мемлекеттік бәсекеге қабілеттілігін дамытудың негізгі факторларының біріне айналып отыр», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының атап өтуінше, елімізде цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Қазақстанның үшінші жаңғыруы іске қосылды. Қазіргі уақытта оның алғашы нәтижелері де бар.

«Азаматтарымыздың 75 пайыздан астамында электронды денсаулық төлқұжаты бар. Мектептердің 90 пайыздан астамы цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етілген. Қаржы саласында кедендік декларациялар 100 пайыз  электронды форматта рәсімделеді», — деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің айтуынша, экономика салаларында да цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өндіріс ошақтары кезең-кезеңімен ақылды өндіріске көшуде. Халықтың өмір сапасын жақсарту үшін еліміздің ірі қалаларында смарт-сити компоненттері енгізілуде.

«Елорданың түбінде 20 мың халқы бар қалашық бар. Бұл не екендігін көру үшін біз оны толықтай «смарт-сити» жасадық. Содан кейін Астана мен Алматыда енгізетін боламыз. Еліміздің әрбір ауылына кеңжолақты Интернетті жеткізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. 2021 жылдыңғ соңына қарай ол ауылдардың 82 пайызын қамтитын болады. Қазіргі уақытта Назарбаев Университеті, Ақпараттық технологиялар паркі сынды инновациялық кластерлер жұмыс істеп тұр. Қазір ғана ЭКСПО базасында жаңа ІТ-университет құру туралы естідім. Ол келесі  жылдың 1 қаңтарынан ІТ-технология үшін мамандар дайындау бағытында жұмыс істей бастайды. Ал Назарбаев Университеті — бұл ғылыми-зерттеу университеті», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.