Қазақстан жақын арада Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына қосылуы мүмкін.
Бұл туралы Италия астанасы Римде өткен халықаралық конференция барысында мәлім болды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов ГРЕКО-ға мүше 57 елдің өкіліне Қазақстанның жемқорлықпен күрестегі тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда, қарапайым азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сандық форматқа ауысуын түсіндірді. Сонымен қатар қазына есебінен істелетін жұмыстарға цифрлы қоғамдық бақылау орнатылғанын баяндап берді. Біздің ел алдағы екі жылда электрондық қызметті 90 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, елімізде жемқорлыққа қарсы құрылған ақпараттық -технологиялық жобалар жақсы нәтиже беруде. Олжас Бектенов, ҚР МҚІжСЖҚ іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары: –
Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы Қазақстанның тәжірибесін өте жоғары бағалады. Біз бұл конференцияда қоғамдық бақылау картасының жобасын таныстырдық. Сонымен қатар осы еуропалық алаңда қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы таныстырылды. Біздегі бір терезесі қағидаты бойынша қызмет көрсету тәжірибесіне көптеген ел қызығушылық танытуда. Қазақстан алдағы уақытта ГРЕКО ұйымына қосылуды жоспарлап отыр.