Қазіргідей нарықтық бәсеке тұс-тұстан қыспаққа алған кезеңде қосымша табыс көзі болмаса да қиын. Осыны ерте ескергендер кезінде кәсіптің түр-түрін ашып, ширақтық танытты. Әлбетте, олар кәсіптің көзін тапсаң, қаржылық жағынан тәуелділіктің де азаятынын жақсы біледі. Тек, талмай еңбек етсең болғаны. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Шу ауданында алғашқылардың бірі болып кәсіптің көзін, жұмыстың жүйесін тапқан осындай іскер азаматтың бірі – Кошали Гусейнов еді.
Басында балмұздақ сатумен айналысқан ол, кейіннен жиған-терген қаржысын жинастырып, оны үлкен кәсіп ашуға жұмсаған. «Ағайын тату болса, ат көп» дегендей, Кошали да ісін икемдей жүріп, өзінің бауырларын да кәсіпкерлікке бейімдейді. Қазіргі таңда Нияз, Фатали, Рамазан есімді бірге туған бауырларымен аудандағы «Рамазан» наубайханасын, «Нұрсұлтан» сауда үйін, «Арзу» мейрамханасын, «Балуан Шолақ» спорт кешенін, техникалық қызмет көрсету орталығын, жанар-жағармай бекетін, азық-түлік пен құрылыс заттары дүкендерін және сауда ғимараттарын ашып, шулықтарға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Кошали Алласұлы 2017 жылы тағы бір кәсіпкерлік нысанның құрылысын бастаған болатын. Араға бір жыл салып құрылысты толығымен аяқтап, өткен жылы көпшіліктің қошеметімен сол нысанның ашылу салтанатын өткізді. «Nurly jol» деп аталатын әмбебап техникалық қызмет көрсету орталығы заманауи үлгіде салыныпты. Мұндағы келушілерге дүкен, дәмхана және ақша айырбастау мен көлік жуу, жөндеу жұмысының сан түрі сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Жалпы алғанда Шу ауданы бойынша 6 мыңнан аса кәсіпкер бар десек, олар қырық мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Ал бүгінге дейін 50-ден аса адамды жұмыспен қамтып келген Кошали Гусейнов, енді тағы 60 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуда. Орталықтың бір ерекшелігі – оның атауы мен жарнамалық жазулары төл әліпбиіміз – латын графикасымен таңбаланғандығында.Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш орталық республикалық мәндегі жолдың бойында орналасыпты. Бұл дегеніміз – көздің жауын аларлықтай көріністі тек аудан халқы ғана емес, өзге аймаққа қатынайтын қонақтар да көретін болады.Осы тұста, ауданның гүлденуіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айтарлықтай үлес қосып жүрген Кошали Гусейновке Шу ауданының Құрметті азаматы атағы да берілгенін айта кеткен жөн. Бұдан басқа да көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болған. Ал ең үлкен олжасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған «Бірлік» алтын медалін кеудесіне таққаны болып тұр.