Қант жағымсыз естеліктердің мида бекінуіне әсер етуі мүмкін

22

сурет: istockphoto.com

Қант жағымсыз естеліктердің мида бекінуіне әсер етуі мүмкін: 24 сәуір 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Қант стресске байланысты естеліктердің мида бекінуіне әсер етуі мүмкін. Мұндай қорытындыға Франциядағы Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы (CNRS) ғалымдары келді. Зерттеу нәтижелері Nature журналы бетінде жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғылыми тәжірибелер жеміс шыбындары Drosophila melanogaster негізінде жүргізілген. Зерттеушілер жәндіктерге белгілі бір иісті әлсіз электр тогымен байланыстыруды «үйреткен». Алайда ұзақ мерзімді естеліктер тек бір жағдайда қалыптасқан: егер осы тәжірибеден кейін шыбындар қант алған болса.

Зерттеуші Пьер-Ив Пласе түсіндіруінше, мұнда қантқа сезімтал нейрондар шешуші рөл атқарады. Олар стресс жағдайынан кейін бірнеше сағат ішінде белсенді болады. Дәл осы кезеңде ағзаға қант түссе, қысқа мерзімді жад ұзақ мерзімді жадқа айналатын күрделі биологиялық процесс іске қосылады.

Ғалымдар бұл механизмнің қалай жұмыс істейтінін де анықтады. Белсенді нейрондар тиростимулин деп аталатын сигналдық молекуланы бөліп шығарады. Ол мидағы естеліктер сақталатын аймақтарға әсер етеді. Егер осы сигнал бұғатталса, тіпті «оқыту» болғанның өзінде тұрақты естелік қалыптаспайды.

Зерттеу тағы бір маңызды жайтты көрсетті: жадтың бекінуі энергиямен тығыз байланысты. Ми жаңа ақпаратты сақтау үшін қосымша энергия қажет етеді, ал қант – сол энергияның негізгі көзі. Яғни, қанттың түсуі миға «ресурсты пайдалануға болады» деген белгі береді.

Сонымен қатар тәжірибеден кейін шыбындар тәтті тағамға көбірек әуестене бастаған. Бұл стресс, жад және тамақтану әдеттері арасында байланыс болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ғалымдар бұл нәтижелер әзірге тек жәндіктерге қатысты екенін атап өтеді. Адамда дәл осындай механизм бар-жоғы әлі толық дәлелденбеген. Дегенмен зерттеу эмоциялық артық тамақтану құбылысын түсіндіруге жаңа көзқарас ұсынады.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/280380-qant-zagymsyz-estelikterdin-mida-bekinuine-aser-etui-mumkin

Leave A Reply

Your email address will not be published.