Былтыр қазан айында Қанат Ислам АҚШ-тың Флорида штатындағы Плант-Ситиде өткен бокс кешінде аргентиналық Хавьер Франсиско Масьельден басым түсіп, кәсіпқой рингтегі жиырма тоғызыншы жеңісін тіркеген. Содан бері қазақстандық боксшы шаршы алаңға шыққан жоқ.
Жуырда бокс әлемінен алыстап кеткен спортшымен әңгімелесудің сәті түсті.
– Көптен көрінбей кеттіңіз. Жекпе-жегіңізді күтіп жүрген жанкүйерлерді қашан қуантуды жоспарлап отырсыз?
– 2022 жылы қазан айындағы айқастан кейін біраз уақыт демалыс алдым. Енді күзге қарай бір кездесу өткіземін. Қазір командамызбен соған қызу дайындық үстіндеміз. Қарсыласым, жекпе-жектің уақыты мен өтетін жері әлі нақтыланған жоқ. Жаңалық болса, хабарлаймын.
– 10 қыркүйекте 39 жасқа толасыз. Бір сұхбатыңызда «Спортта жүргеніме 30 жылға таяды» деп айтыпсыз. Бокс қолғабын шегеге ілетін уақыт келді деп ойламайсыз ба?
– Иә, күзде 39-ға келемін. Негізі, бұл жаста рингте жүрудің өзі ерлік. Бір жағынан мен үшін қызық. Нағыз сыналатын шағым. 30 жыл жұдырықтастым. Соның 10 жылын Америкада өткіздім. Үйренерім көп. Ізденісімді тоқтатқан жоқпын. Спорт маманы ретінде өзімді жетілдірудемін. Әлі оқып жатырмын.
Шетелдегідей елімізде де кәсіпқой бокстың деңгейін көтерген жөн. Білгенімді артымнан еріп келе жатқан інілеріме үйретемін. Маңдай термен келген еңбек болғаннан кейін оның өз жемісі болады. Ел спортының өркендеуіне үлесімді қосуды мақсат тұттым. Америкаға барып талай қақпанды бастық қой. Соны соңымыздан ерген інілеріміз алдын ала біліп барса, қайталамаса деймін.
– Қытайдың он дүркін чемпионысыз. Бейжіңде қола жүлде алғаныңыздың өзі бір тарих. 2010 жылы Қазақстанға оралдыңыз. Дегенмен Лондон Олимпиадасына қатысу бұйырмады. Есесіне Astana Arlans сапында өнер көрсетіп, кейін кәсіпқойға ауыстыңыз. Бұл шешімді қабылдауға не түрткі болды?
– Аллаға мың да бір шүкір, Қытайда жүргенде сый-құрметтен кенде болғаным жоқ. Сенім артып, төбелеріне көтерді. Басқа мемлекетте жүргеннен кейін шетке қағу әр кезде де болатын дүние ғой. Бәсекелестік деген өзіміздің облыста да, тіпті ауданда да, керек десеңіз әр отбасында болады. Қай жерде жүрсең де мықтылығыңды дәлелдесең, бәрі саған құрметпен қарайды. Мен сондай спортшының бірі болдым.
Атажұртқа келгеніме қуанамын. Өз еліңде алшаң басып жүргенге ештеңе жетпейді. Қазақстанның атынан Олимпиадаға қатыса алмай қалғаным үшін ғана өкіндім. Кейін «бұйырмады» деп өзімді жұбаттым. Сол оқиға кәсіпқой боксқа кетуіме себепші болды. Алдымен Astana Arlans сапында бағымды сынап көрдім. Көп ұзамай талай жыл арманым болған Американы бетке алдым.
АҚШ-та кәсіпқой бокспен айналысу көп спортшыға бұйыра бермейді. Оған жете алмай жүргендер қаншама?! Сондықтан елге келгенім үлкен өзгерістердің бастамасы болды десем болады.
– 2018 жылы ашқан QAZAQ promotions промоутерлік компаниясы жұмыс істеп тұр ма?
– Әрине. Біздің бір емес, бүгінде екі промоутерлік компаниямыз бар. Алғашқысының атын QAZAQ promotions деп қойдық. Екіншісі – Turan. Америкада тіркелген. Түбіміз түркі болғаннан кейін осы атауға тоқтадық. Қазір түркі жұртының боксшыларымен келісімшарт жасастық. QAZAQ promotions-да Асқар Ерубек, Руслан Мырсатаев, Бексұлтан Раушанов секілді жігіттер бар. Асқарымыз таяуда жұмыс визасын алды. Русланның да визасы бар. Қолдан келгенше көмектесіп, жанымызға жақын тартып жүрміз. Қаржылық мәселе жағынан жағдайымыз жақсарып жатса басқа да жігіттерді командаға шақырамыз.
– 2019 жылы Алматыда өткен «Қанат Исламмен бокс кеші» атты іс-шарадан жиналған қаржының бір бөлігіне 8 баласы бар жалғызбасты анаға екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйладыңыз. Бұл туралы отандық БАҚ жарыса жазды. Жалпы, сіз қайырымдылық шараларын жиі жасайсыз ба? Бокстан түскен қаржыны тағы да қандай игі іске жұмсайсыз?
– Иә, сол жылы жекпе-жектен соң көпбалалы отбасыға пәтер сыйладық. Алғысын айтып, батасын берді. Қайырымдылық жұмыстарын тоқтатпаймыз. Елімізде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берген дұрыс. Халқымыз «Бай болсаң еліңе пайдаң тисін, Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» деп бекер айтпаған. Қазір ішкен-жегеніңмен, киінгеніңмен мақтанатын заман емес. Барыңды бөлісіп, көмекке мұқтаж жандарға жақсылық жасау керек екенін жаныңмен сезіну қажет.
Кезінде маған да көп адам қолдау көрсетті. Солардың бірі – Бауыржан Оспанов. Ол кісі жалғыз маған емес, мен секілді мыңдаған жігітке көмектесті. 2016 жылдан бастап Бауыржан ағамен серіктес болдық. Сол жылы Айдос Ербосынұлы, Жәнібек Әлімханұлы, Әли Ахмедов секілді боксшылармен екі-үш әлемдік бокс кешін ұйымдастырдық. Бауыржан ағаның жомарттығы, азаматтығының арқасында біраз боксшының бағы жанды. Бір рудың асынан, ескерткішінен аса алмай жүрген елдің алдында жүрген кей ағаларымыз Бауыржан Кеңесбекұлынан үлгі алса екен.
Бокстан, жеке бизнесімнен түскен қаржының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсаймын. Шамамның жеткенінше қолдауға зәру адамдарға жақсылық жасауға тырысып жүрмін.
– Кәсіпқой боксқа ауысқаннан бері Майамиде жаттығасыз. АҚШ-тың бізбен салыстырғанда қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
– Кейінгі он жылда Америкада үлкен мектептен өттім. Іздендім, тәжірибе жинадым. Әуесқой бокста екі рет Олимпиадаға барсақ та, қаншама рет әлем біріншілігіне қатыссақ та, кәсіпқой бокстың деңгейі бөлек болатынын түсіндім.
Біз Қазақстанның бокс мектебі үздік дегенге әбден дандайсып кеткенбіз. Содан кәсіпқой боксқа барғанда бірден бәрін қырып-жоямын деп ойлаймыз.
Анығы, ТМД-дағы жаттықтырушылардың тәлім-тәрбиесін көргендер әуесқойда белгілі бір шеңбердің ішінен шыға алмай жүр. Көбі әлемдік деңгейдегі барлық атақ-дәрежелерді, жүлделерді алған. Сосын «бәрін білемдікке» салынады. Осының зардабын Америкаға барғанда мен де тарттым. Жаттықтырушыңнан жырақ кетіп, өзің жаттыққан кезде жүйкең сыр бере бастайды. Бір қалыпқа түсіп қалғаннан кейін одан шығу қиындық туғызады. Ізденесің, өзіңді жетілдіруге көңіл бөлесің. Ол біраз уақытты алады. Қателіктеріңнен қорытынды шығарып, орынсыз жаттығулар істеген кезде алған жарақаттарыңды да есіңе аласың.
Америкаға кетіп жатқан спорттағы інілер бірден мол қаражатқа кенелгісі, жаңа бір деңгейге көтерілгісі, әлемді мойындатқысы келеді. Мен де сол жаққа барып қаншама кедергіден өттім. Білім мен елес дегеннің ортасындағы нәрсені сезіндім. Бұрын тек қана бір жаттықтырушыға тәуелді болсақ, ол жақта шеберлігіңді, қасқырлығыңды өзіңмен-өзің қалып, 12 раунд бойы қарсыласыңа төтеп берудің өзі қысым. Бір бапкердің айтқанын орындап үйреніп қалған спортшы жеке шыққанда өзінің шебер емес екеніне көз жеткізеді. Қасқырлардың арасына түскенде әлі де шыңдалу керегін ұғасың.
– Промоутер таңдауда қателестім деп ойламайсыз ба? Сізді сынаушылардың көбі осы мәселені алға тартады. «Уақытын өткізіп алды», «мықты промоутермен жұмыс істеуі керек еді, «чемпиондық белбеуі бар танымал боксшылармен жұдырықтаспады» деген пікірлерді көп кездестірдім. Бұл туралы не айтасыз?
– Шүкір, менде бәрі жақсы. Кәсіпқой бокстағы мансабымды сәтсіз болды деп айта алмаймын. Бұйырған қарсыластармен шаршы алаңда кездестім. Шетелде жүріп қаншама мықты боксшымен жаттықтым. Кәсіпқой бокстың қыр-сырын, ішкі-сыртқы саясатын үйрендім. Өзім де бір промоутер болып қалыптасып шықтым.
Бүгінде Америкада қаншама боксшы жүр. Тапқан бір тиыны жоқ, денсаулығынан айырылып жатқандары да бар. Жетістікке жеткендері де аз емес. Бастысы бұл жерде команда үлкен рөл ойнайды.
Біз кәсіпқой бокста Америкаға барған алдыңғы лектегі боксшылардың қатарында болғаннан кейін қателеспедім дей алмаймын. Бірінші кезекте мынаны ұғынған жөн, тегін дүние болмайды. Ақысын төлеуің керек. Әр жанкүйер сенің өнеріңді өзінше бағалайды. Қабылдау керек. Оларды да түсінемін. Өйткені барып көрмегеннен, бірге жаттықпағаннан кейін өз ойын айтатын шығар. Пікір білдіргендерге құрметпен қараймын. Оларға түсіндіретін де, таласатын да уақытым жоқ. Алға қарай адымдап жылжи береміз. Ел білетіні бар, білмейтіні бар, бәрімен шаршы алаңға шығып жатырмын. Алда тағы не күтіп тұрғанын бір Алла біледі. Сол үшін ендігі қарсыластарыма дайындығымды жалғастыра беремін.
– Ташкентте өткен әлем чемпионаты мен Елорда кубогін көрдіңіз бе? Жігіттердің аяқ алысы қалай? Әуесқойда жүрген боксшыларға қандай кеңес айтасыз.
– Елімізде және шетелде өтетін жарыстарды жіті бақылап, қарап отырамын. Бізде талантты жігіттер жетерлік. Олардың бірін мақтап, енді бірін айтпай кетіп, жаманатты болғым келмейді. Осы екі турнирден соң Мырзағали ағаға хабарласып, сол жас боксшылармен сөйлескім келетінін жеткіздім.
Еліміздің әр облысында 10 мыңға таяу бала боксқа барады. 200 бала облыс біріншілігіне қатысады. Олар іріктеліп, Қазақстан біріншілігінде өнер көрсетеді. 40 бала Ұлттық құрамаға қатысса, содан 10 бала Қазақстан құрамасымен бірге шетелде ел намысын қорғайды. Ойласаңыз, қосалқы құрамда қаншама мен секілді, менен де мықты жігіттер өсіп келе жатыр. Солардың жолын ашу үшін оларға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар, қолдау керек.
Қазақстандық боксшылардың артықшылықтары да, қателіктері де бар. Бізде керек емес жаттығулар көп. Құрамаға қабылданарда боксшылардың көпшілігі бұрынғы жаттықтырушыларынан айырылып қалады. Жаңа бапкердің қолына барады. Сол кезде көбі жүрісінен жаңылады. Ондай олқылықтар бар.
Одан кейін бізде спортшыларды көбіне тауға апарып, керек емес жаттығуларды жасатады. Ол барлық боксшы үшін пайдалы болмауы мүмкін. Өйткені біреуіне көп жүгірген жақсы, екіншісіне басқа жаттығу істеген жағады деген сияқты ғой.
Бапкерлер осыны ескеріп, боксшымен жеке жұмыс істей білгені абзал. Жүйрікті де атбегілер құлын кезінен таниды. Сол секілді бізге де сондай сұңғылалық, көрегендік қажет. Әр боксшыға көңіл бөлінуге тиіс. Әйтпесе, көп балалар шетте қалып қойып жатады. Бүгінгі таңда әуесқойдағы боксшылар кәсіпқойға кетіп жатыр. Осы ретте AIBA сол спортшыларды алып қалу үшін сыйақыларын арттыруда. Осылайша олардың ерте жастан Америкаға кетпеуіне әрекет жасап әлек. Ол да дұрыс. Әуесқойдағыларға да оңай емес. Өйткені олар да отбасына көмектескісі, ақша тапқысы келеді.
Қытайда жүрген жігіттердің көтерілуіне себепші болған Дамир Буданбеков – менің тұңғыш жаттықтырушым. Қанша жыл Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды. Шетелде де жұмыс істеді. Тоқтарбек Таңатқанды да сол кісі дайындаған. Сондай мамандарды құрамаға шақыру керек. Серік Сапиевтің жаттықтырушысы Александр Стрельников бар. Осындай білікті кадрлар құрамада кеңесші-жаттықтырушы болса біз үшін пайдасы мол болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Абылайхан ЖҰМАШ