Бір баланы мектепке дайындау – 100 мың теңге

80

Тамыз айы басталысымен баласы мектепте оқитын ата-анадан маза кетеді. Өйткені бір баланың мектепке қажетті киімі, кеңсе тауарлары мен өзге де керек-жарағын түгендеу қаржылық жағынан оңайға соқпайды. Ал бірнеше баласы бар ата-аналар қайтпек? Базардағы баға да құбылып тұр, қыркүйек жақындаған сайын шарықтап отыр.

Жақында Ranking.kz бір баланы мек­­­­тепке дайындауға қанша ақ­ша кететініне зерттеу жүргізді. Мектепке ең қажетті заттар тізімінде Қазақстан Рес­пуб­­­ликасында бекітілген стандарт не­гі­зін­дегі мектеп формасы, сонымен қатар күн­де­лікті және спорттық аяқкиім, дене шы­нықтыруға арналған киім, рюкзак және кең­се тауарларының жиынтығы бар.
Тауарлардың бағасы «Детский мир», Ostin, Kari kids, DeFacto, Marwin сияқты дү­кен­дер желісі мен Wildberries және Kaspi.kz маркетплейстерінен алынған. Зерттеу нә­ти­жесі бойынша, мектепке қажетті зат­тар­дың құны – 100 мың теңгені құраған. Ұлдар мен қыздардың заттарының бағасында айыр­машылық азғантай. Алайда дүкендер мен маркетплейстердегі баға құнында айыр­машылық бар екен. Мектеп формасы мен кеңсе заттары интернетте арзанырақ. Ин­тернетте ұл балаға жиынтық – 95,8 мың тең­ге, қыз балаға – 96,3 мың теңге болса, дү­­­кендерде ұлдарға арналған ең төменгі мек­теп жиынтығының құны – 105,5 мың теңге, қыздардікі – 105,6 мың теңге. Бұл баға бастауыш сынып оқушыларына ар­нал­ған. Орта және жоғары сынып оқушы­лары­ның керек-жарақ жиынтығына қойылатын та­лаптар әртүрлі болғандықтан, баға да өсе береді. Айта кетсек, былтырғы зерттеу бойын­ша, бір баланы мектепке дайындау құны – 83 865 теңге болған.
Бұл жерде тағы бір ескеретін жайт, 100 мың теңге баланың барлық қа­жет­тілігі мен шығынына жетпейді. Бұдан бө­лек, 1 қыркүйекте мұғалімге беретін гүл шо­ғы, жұмыс және пән дәптерлері, бантик, шұ­лық, күзгі сырт киім, маусымдық туфли, тіп­ті ата-аналар комитеті жинайтын ақша бар. Сондай-ақ қыркүйек айы жақындаған сайын бұл бағаның өспейтініне ешкім ке­пілдік бере алмайды. Мамандар балаға қа­­­жетті заттарды тамыз айын күтпей, мау­сым­нан бастап сатып ала беруді, жеңіл­дік­тер мен жаппай сатылымдарды қарап жү­руді ұсынады.

Кеңсе тауарлары 64,4 пайызға қымбаттаған

Ата-ана баласына қажетті заттардың са­палы әрі қолжетімді болғанын қалайды. Алай­да баға ырыққа көнер емес. Ұлттық ста­тистика бюросы биыл кеңсе тауарлары 2022 жылдың шілде айымен салыстырғанда 64,4 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, мектеп дәптері – 77,2 пайыз, қалам – 38,6 пайыз, түрлі-түсті қа­рын­даштар – 41,9 пайыз, сурет альбомы – 44,1 пайызға қымбаттаған.
Балалардың мектепке қажетті кеңсе тауарынан бөлек, аяқкиімі де қым­баттаған. Ақпан айының қорытындысы бойын­ша, елімізде аяқкиім бағасы бір жыл ішін­де 20,5 пайызға өскен. Ерлер мен әйел­дер аяқкиімі 18,2 пайызға, балалар аяқкиімі 26,5 пайызға қымбаттаған.
Тұтыну бағасының индексіне қарасақ, ба­­лалар киімі, аяқкиім және кеңсе тауар­ла­ры орташа алғанда азық-түлік емес тауар­ларға қарағанда қымбатырақ дейді ма­мандар. Мәселен, биыл мамыр айында бұл кеңейтілген топ бойынша инфляция дең­гейі 117,2 пайыз болса, балалар киіміне – 118,7 пайыз, аяқкиімге – 120,1 пайыз, кеңсе тауарларына – 167,5 пайыз болды.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, биыл ата-аналар үшін балаларды мектепке дайын­дау қиынға түседі. Өйткені қазақ­стан­дықтардың жалақысы іс жүзінде өскен жоқ, төмендеді десек те болады. Қарапайым тілмен айтсақ, жалақының көбейген бө­лігін инфляция «жеп қойды». Нәтижесінде, Қа­зақстандағы жалақының сатып алу қа­білеті өскен жоқ, тіпті 0,6 пайызға төмен­деді. Экономистер еліміздегі қымбатшылық деңгейі Қырғыз Республикасын, санкцияға ұшыраған Ресейдің өзін де басып озғанын айтып отыр.
Қымбатшылық халықты тығырыққа ті­реді. Айлығы шайлығына жетпей, тапқа­ны ішіп-жеуден артылмай жүрген көпба­ла­лы аналардың бірі – Амангүл Тілеуова (ав­тордың өтініші бойынша аты-жөні өз­гер­тілді). Оның 5 баласының үшеуі мектеп жа­сында. Бұрын АӘК алып келген, кейін та­бысына байланысты тоқтаған.

– Мен күйеуіммен заңды түрде ажы­рас­қанмын. Айына 50 мың теңге алимент ала­мын. Өзім мектепте еден жуамын. Жа­ла­қым – 120 мың теңге. Пәтерақымыз – 75 мың теңге. Бұрын 65 мың төлеуші едік. Су, жа­рық, газ қымбаттады деп осы айдан бас­тап 10 мың теңге қосты. Үйдегі көңілді ба­зардағы нарық шешіп тұр. Астанадағы «Артем» базарына барып келдім. Бір ба­ла­ның костюм-шалбары 20 мыңнан баста­ла­ды. Спорттық аяқкиімдер 12-13 мыңнан тұр. Балаларымның керек-жарағын қалай түген­дейтінімді білмей отырмын. Жақында мек­тепке барып, мемлекеттен берілетін кө­мекке өтініш бердім. Мұғалімдер үйімізге келіп, акт жасап кетті. Енді комиссияның ше­шімін күтеміз. Үкімет беретін 41 мың тең­геге ары кетсе 3-4 зат аласың. Түркия, Қы­тай, Қырғыз Республикасының киімі деп таңдап жатпаймыз, ақшамыз қай­сы­сы­на жетсе, соны сатып аламыз. Ең арзанын ала­тындықтан киімдер бір жыл кигенге әрең шыдайды. Шалбардың балағы шол­таң­­дап, матасының түгі шығып кетеді. Арзан­ның сорпасы татымайды деген осы. Алай­да сол ақшаның өзіне іліксек, жақсы бо­лар еді. Ол болмаса, не істерімді білмей­мін. Жақында мектеп директорына кіріп, балаларыма киім-кешек алуға жағдайым жоқ екенін айттым. Балаңды ескі киіммен мектепке жібере алмайсың. Өйткені қазіргі ба­лалар бір-бірінің киіміне қарайды, са­лыс­тырады, – дейді көпбалалы ана.

Алдағы аптадан бастап еліміздің түк­пір-түкпірінде дүкендер мен базарларда сау­да қыза бастайды. Саудагерлер жыл сайын мектеп формасы мен оқуға қажетті құ­рал-жабдықтардың қымбаттауы қалып­ты жағдай дейді. Олар нарықтағы орташа бағаны есепке ала отырып орта сыныпта оқи­тын оқушыны мектепке дайындауға 53 мың теңге жететінін айтады. Мәселен, мек­теп формасы – 25 мың, аяқкиім – 10 мың теңге. Сөмкені 8 мыңға алуға болады. Кеңсе тауар­ларына 10 мың теңге жеткілікті. Алай­­да саудагерлер бұл тек ең негізгі қа­жеттіліктер екенін түсінеді. Сондықтан қо­­сым­ша киім мен құрал-жабдықтарды кейін де сатып алуға болатынын алға тар­тады.

Материалдық көмек мөлшері – 40 567 теңге

Жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыр­күйек аралығында республи­ка­мыз­дың барлық өңірінде «Мектепке жол» қайы­рымдылық акциясы өтеді. Жоба ая­сын­да аз қамтылған және көпбалалы отба­сы­лардан шыққан сондай-ақ, асыраушы­сы­нан айырылған, ерекше білім беруді қа­жет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көр­сетіледі. Алайда бұл тізімге көпбалалы отба­сылардың бәрі бірдей іліне бермейді. Мем­лекеттен берілетін аталмыш мате­риал­дық көмек жан басына шаққандағы орташа та­бысы күнкөріс деңгейінен төмен отба­сы­лардың балаларына беріледі.
Биыл да жылдағы дәстүр бойынша мем­лекет тарапынан әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңнан астам балаға қаржылай қолдау көр­сетіледі. Осы жылы «Жалпыға міндетті бі­лім беру» қорынан әрбір білім алушыға бері­летін материалдық көмектің ең төменгі мөл­шері – 40 567 теңге. Бұл көмектің мөл­шері әр өңірде әртүрлі. Биыл еліміз бойын­ша мұндай көмектің ең жоғары мөлшері Павлодар облысында – 47 300 теңге екен.
Бұрын бұл жүйе енгізілгенге дейін халық киім-кешек пен кеңсе тауар­ла­рының сапасына қатысты жиі шағым­да­натын. Өйткені былтырға дейін қажетті зат­тарды сатып алумен әкімдіктің қыз­мет­керлері айналысып келді. Олардың бармақ бас­ты, көз қысты әрекетке баратыны ата-ана­лар мен балалардың шамына тиді. Жыл сайын киімнің көлеміне, сапасына қатысты мә­селелер туындап, балалар өзіне шақ кел­мей­тін киімдерді киюге ұялатын. Осы орай­да Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көпбалалы аналармен кездесіп, олардың ті­лектерін ескере отырып, жергілікті әкім­діктермен мәселелерді талқылап, был­тыр­дан бастап әлеуметтік осал балаларға кө­мек көрсету ережелерін өзгерткен болатын. Ен­дігі жерде ата-ана мектеп формасын, кең­се тауарларын, балаларға арналған аяқ­киім­дерді өзі таңдай алады. Өйткені ақша ата-аналардың есепшотына тікелей ауда­ры­лады. Осылайша, балалар өзі таңдаған киім­ді ата-анасымен бірге сатып алады. Бұл да болса көңілге медеу.
Осы ретте елімізде жыл сайын оқу­шы­ларға қаржылай көмек көрсе­те­тін демеушілер де бар екенін айта кетуі­міз керек. Мәселен, биыл меценаттардың кө­мегімен 200 мыңнан астам оқушыға 3 млрд теңгеден көп қаражатқа көмек көр­сету көзделіп отыр. Қолы ашық, жомарт жан­дар қысылтаяң шақта көмекке мұқтаж от­басыларды демеп жіберсе, нұр үстіне нұр бо­лар еді.
Мемлекеттен бе­рілетін мате­риал­­дық кө­мекке үміт­кер­лердің бірі – Қы­зылорда қа­ла­сы­ның тұрғыны, көп­балалы ана – Нұр­гүл Молдабе­кова. Алты бала­ның анасы 41 мың теңге бір баланың қажеттілігін толық өте­уге жетпейді, алайда бұл ақшаға ортаң­қол бірсыпыра заттарды сатып алуға бо­ла­ды дейді.

Бір баланы мектепке дайындау – 100 мың теңге– Базардағы баға басты мұңымызға ай­налды. Мектепке қажетті құрал-жаб­дық­тар мен киім-кешек бағасы былтырғымен са­лыстырғанда едәуір қымбаттаған. Дәп­тер­ді былтыр 15 теңгеге алғам, биыл 26 тең­геден алдым. Алланың берген 6 баласы бар, үлкенім – студент, қалған бесеуі мек­теп­ке барады. Әзірге 450 дана дәптер ал­дым. Қалың дәптердің де бағасы біраз қым­баттаған. Кеңсе тауарларын ептеп тү­гел­дегеніммен, балаларыма әлі киім ал­ма­дым. Былтыр ақ жейденің бағасы 4-5 мың теңге көлемінде болған, биыл 5-6 мыңнан бас­талып тұр. Сөмкенің өзі 6-7 мың тұрады, са­палысын 10 мыңға аласың. Спорттық киім­ді былтыр 10 мыңға алғам, биыл ондай ба­ға жоқ.
Есебім бойынша, биыл бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 70-80 мың теңге жұмсайды екенбіз. Үлкен ба­лаларға қымбатырақ киім-кешек алып, кіш­кентайларына арзанырақ алып беріп амал­даймыз. Бұдан бөлек, баланың күздік ара­лық киімі, қыстық аяқ және сырт киім­дері бар. Сондықтан мемлекет әр балаға бе­ретін жәрдемақы көлемін 13 мыңнан, 20-25 мыңға дейін көбейтуі керек деп ой­лаймын. Көпбалалы ана ретінде алатын жәр­демақы, мемлекеттен берілетін 41 мың­ға күйеуім екеуміздің жалақымызды қосып, ба­лаларымызды қыркүйекке дейін қам­та­ма­сыз етіп үлгеруіміз керек. Бір отбасында екі адам жұмыс істегеннің өзінде бізге оңай­ға соқпай тұр. Отбасында бір адам ға­на жұмыс істейтін немесе жұмыссыз ата-ана­лардың жағдайын ойлаудың өзі тіптен қор­қынышты, – дейді күміс алқа иесі Нұр­гүл Төлебайқызы.

Ата-аналар баласын несиеге
«киіндіреді»

Балаларын жаңа оқу жылына дайын­дау қаржылық жағынан қандай қиын болса да, ата-аналар тығырық­тан шы­ғар жол із­дей­тіні анық. Ақ­ша­сы жет­кен­дер қол­ма-қол, жет­пе­гендер амалсыз не­сие­ге рәсімдейді. Bmc Sales Сауда әріп­тестік же­лісі­нің директоры Бейбіт Күлшікбаева ақ­шасы бар ата-аналар тамыздың 15-не дейін балаларының керек-жарағын тү­ген­дей бастайтынын, ал ақшасы аз ата-аналар та­мыздың 15-нен кейін мектеп формасын не­сиеге рәсімдеуді сұрайтынын айтады.

Бір баланы мектепке дайындау – 100 мың теңге– Баласына қандай сапада, қандай ба­ға­да мектеп формасын сатып алуды ата-ана­ның қаржылық жағдайы шешеді. Мә­селен, бізде қыздардың 1 сыныпқа ар­нал­ған мектеп жиынтығы 27 500 теңге тұрады. Же­ке алсақ, сарафан – 11 мың, ақ жейде – 6 500 теңге, пиджак –10 мың теңге. Ал ұл­дардың костюм-шалбары 19 500, жейдесі – 6 500. Осылайша, ұлдардың минималды жиын­тығы 26 000 теңгені құрап отыр.
Біз­дің елде отандық киімнің бағасы ар­занға түспейді. Өйткені біз ма­таны шетелден алдыртамыз. Қырғыз Рес­пуб­ликасынан келетін киім арзан, бірақ са­пасы сын көтермейді. Олар 1 жыл киюге жа­рамайды. Біздің фабрика мектеп фор­ма­сының бағасын қолжетімді деңгейде ұстап тұр. Тіпті, төмен десек те болады. Дүкен­де­рі­мізде 6 800 теңгеден басталатын шал­бар­лар басқа дүкендерде 10 500 теңгеден са­тылып отыр.
Фабрикамыз 3 жыл бойы аз қамтылған от­басыларға арнап киім тікті. Бұл да болса кә­сібімізге сәл демеу болатын. Был­тырдан бері ол ақша ата-аналардың есеп­шотына аударылатын болды. Бай­қа­ғаным, көп ата-ана ол ақшаға балаға киім ал­май, несиесін жабады екен. Бізден келіп чек сұраған жағ­дайлар өте көп болды, – дей­ді Бейбіт Мар­данбайқызы.

Кәсіпкердің айтуынша, мектеп фор­масын тігу – өзін-өзі ақтамайды. Өйт­кені жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр. Өн­діріс орындарының өз-өзін қаржылан­ды­рып, қымбат несие алғаннан басқа ама­лы жоқ. Шикізатты шетелден тасиды. Қо­сылған құн салығы, мемлекетке төлейтін са­лық сомасы да аз емес. Сондықтан отан­дық киімдердің бағасы арзандамайды. Же­ке мектептерден келетін тапсырыстар аз-маз табыс әкеледі. Ал мемлекеттік ор­ган­дардан түсетін тапсырыстар өте тиімсіз. Олар ұсынған ақша қызметкерлердің жа­лақысын төлеуге де жетпейтін көрінеді.

– Алыпсатарлар көбейсе, Үкімет кә­сі­бі­­мізді қолдаса, арзан несиені тездетіп бер­се тасымыз өрге домалар еді. Сапалы ши­кізат өзімізден шықса, мектеп фор­ма­сының бағасы арзандап, қарапайым ха­лық­қа қолжетімді болар еді. Сәйкесінше, ата-аналар баласына Қырғыз Республикасынан са­пасыз мектеп формасын емес, отандық са­палы өнімді әперер еді, – дейді Бейбіт Күл­шікбаева.

Кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Жыл сайын тамыз айында мектепке қажетті зат­тардың бағасы бақылауға көнбейді. Мем­лекеттің беретін материалдық көмегі мардымсыз. Жыртыққа жамау болуға ғана жарайды. Ал отандық өндірушілер шет­елден алған шикізат қымбат болғандықтан, киім бағасын арзандата алмайды. Арзан­датса, өзі шығынға батады. Ал ата-ана тап­қанын балаларының тамағы мен киімі­не жеткізе алмай дал. Олай тартсаң, өгіз өле­ді, былай тартсаң арба сынадының кері…

https://turkystan.kz/article/230079-bir-balany-mektepke-dayyndau-100-myn-tenge/

Leave A Reply

Your email address will not be published.